Екібастұзда жасырын алкоголь өндірген цех анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері Екібастұз қаласында тұрғын үйлердің бірінде заңсыз түрде алкоголь өндірумен айналысқан жасырын цехтың жұмысын тоқтатты. 

Екібастұзда жасырын алкоголь өндіру цехы анықталды
Фото: ІІМ

Тексеру барысында тұрғынның өз үйінде қолдан жасалған жабдықтар арқылы алкоголь өнімдерін дайындағаны анықталды.

— Үй-жайды тексеру кезінде ішінде белгісіз сұйықтық бар 139 пластик бөтелке, сыраға ұқсас 288 литр сұйықтық, 10 шыны колба, сондай-ақ виски, ликер және сыра секілді алкоголь өнімдерін қолдан жасап шығаруға арналған аппарат пен спирт өндіруге арналған құрал-жабдықтар анықталып, тәркіленді.

Өнімдерге белгілі брендтердің этикеткалары жапсырылғанымен, акциздік белгілері болмаған. Тәркіленген өнімдер сараптамаға жіберілді. Оның нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады, — деді Павлодар облысы Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.

Полиция алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру, сондай-ақ оны дайындауға арналған құрал-жабдықтарды сақтау қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Айта кетелік Ішкі істер министрлігі алкогольді тек арнайы алкомаркеттерде сатуды ұсынған еді

Соңғы жаңалықтар
Референдум