Екібастұзда жылу құбыры жарылып, 8 көлікті зақымдады
АСТАНА. KAZINFORM — Екібастұзда жылу желілерінде гидравликалық сынақтар жүргізу барысында құбыр жарылып, тұрақта тұрған автокөліктерге зақым келген. Бұл туралы Екібастұз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

— 22 шілдеде «Екібастұз жылу желілері» ЖШС тарапынан жылу желілерінде 16 кгс/см² жоғары қысыммен жоспарлы гидравликалық сынақ жүргізілді.
Сынақ барысында ТМ-11 жылу магистралінде, «УАК» дүкені маңында диаметрі 530 мм құбыр жарылып, желілер өтетін жерде жол жабыны көтеріліп, тұрақта тұрған автокөліктерге зақым келтірілді. Алдын ала мәлімет бойынша 8 автокөлікке зақым келген, — делінген хабарламада.
Тұрғындар арасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Кәсіпкерлік нысандары мен ғимараттарға зақым келмеген.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері, ТКШ бөлімінің өкілдері және «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-нің апаттық бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Зардап шеккен мүлік иелеріне «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-не Д.Қонаев көшесі, 105А мекенжайы бойынша немесе 8 (7187) 280-958 телефоны арқылы жүгіну қажет. Шығынды өтеу туралы өтініш беру үшін тәуелсіз бағалау туралы қорытынды болуы шарт, — делінген хабарламада.
Айта кетелік Екібастұзда жол ережесін өрескел бұзған автокортеж жүргізушілері жауапқа тартылған еді.