Екібастұздағы кәріз коллекторын жөндеуге 5,2 млрд теңге қажет
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бұған дейін апаттық жағдайда тұрған желіге байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланған еді. Жергілікті коммуналдық кәсіпорын оны жаңартудың жобасын әзірледі.

Белгілі болғандай, Екібастұздың 50 жылдығы көшесі бойында өздігінен ағатын магистральдік кәріз коллекторы әбден тозуына байланысты өткізу қабілеті төмендеп қалған. Құбыр бойында жарықтар пайда болды, жоғарғы бөлігі опырылып, авариялық жағдайлар жиі туындап отыр.
Қалыптасқан жағдайға байланысты Екібастұз қаласындағы магистральдік кәріз коллекторында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
«Төтенше жағдай режимі арнайы қаржы бөлуге, жөндеу жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді. «Горводоканал» МКК «Траншеясыз тәсілмен (санация әдісімен) кәріз коллекторын қайта жаңарту» жобасын әзірледі. Жоба қажет сома — 5 млрд 229,5 млн теңге. Коллектордың ұзындығы-2,26 км, құбырдың диаметрі 1 200 мм», - деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Санация әдісі жұмыстарды траншеясыз тәсілмен жүргізуді көздейді. Жұмыстың бұл түрі қала тұрғындары үшін қолайсыздықты барынша азайтып, коллектордың үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.