Екібастұздағы цифрлық алқап 200 гектар аумаққа салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің орынбасары Ростислав Коняшкин Үкімет отырысында Екібастұзда салынатын деректерді өңдеу орталықтарына арналған алқап инвесторларды қалай тартатынын түсіндірді.

цифровизация
Фото: Midjourney

- Деректерді өңдеу орталықтары алқабын орналастыру үшін пилоттық локация ретінде Павлодар облысының Екібастұз қаласы таңдалды. Павлодар облысының әкімдігі жалпы ауданы 200 гектар болатын жер учаскесін резервке қойып жатыр. Жоба сумен жабдықтау, автомобиль жолдары, телекоммуникация және электрмен жабдықтауды қоса алғанда, базалық инфрақұрылымды кешенді түрде жүргізуді талап етеді, - деді ол.

Бұл алқапқа инвестиция тартудың бірнеше моделі қолданылмақ. Ол модельдер инвесторларды, технологиялық компанияларды және бұлттық провайдерлерді тартуға мүмкіндік береді.

Бірінші модель инвесторға энергетикалық қуаты алдын ала резервтелген жер учаскесін беріп, деректерді өңдеу орталығын «нөлден» салуға бағытталған.

Екінші модель инвесторға дайын құрылым мен базалық инженерлік жүйелері бар форматтағы нысандарды ұсынады.

Үшінші модель серверлік қуаттарды Zero CAPEX принципі бойынша жалға беруді көздейді.

Төртінші модель жоғары өнімді есептеу кластерлеріне жалғанған суперкомпьютер, жасанды интеллект және бұлттық сервистерін ұсынады.

- Аталған модельдердің жиынтығы инвестициялар мен жасанды интеллект шешімдерін енгізу үшін әмбебап платформаны қалыптастырып, Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесінің жедел дамуына ықпал етеді.

Бірінші модель шеңберінде инвесторлар үшін қосымша шарт ретінде отандық тауар өндірушілердің өнімдерін басым тәртіппен сатып алу қарастырылған. Инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақ принципі бойынша салықтық преференциялар қарастырылған, - деді Ростислав Коняшкин.

Еске салсақ, кешегі Ұлттық құрылтай отырысында елдің бірнеше аймағында деректерді өңдеу орталықтарына арналған алқаптар салынатыны мәлім болған еді. 

Соңғы жаңалықтар