Екібастұз жылу орталығы аязды күндерге дайындалып жатыр

Екібастұздағы жылу-энергия орталығы тұрғын үйлерге жылу жоғалмай жету үшін құбырларды оқшаулап жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Екібастұзжылуэнерго
Фото: Екібастұзжылуэнерго

«Екібастұзжылуэнерго» компаниясы қаңтар айының басынан бері жылу жүйесіндегі құбырларды жылу оқшаулау материалдарымен қаптау жұмыстарын жалғастыруда. Бір апта ішінде жалпы ұзындығы 413 метр құбыр қапталған. Кәсіпорыннан хабарланғандай, мекеме мамандары бұрын монтаждалған учаскелерді де тексеріп, ақау шыққан жерлердегі оқшаулағыш материалдарды қалпына келтіріп жатыр. Құбырлардағы жылу тасымалдағыштардың ішкі қызуын қалыпты ұстап тұру үшін жылу оқшаулағыштарды қолдану өте тиімді. Бұл жылудың жоғалуын төмендетіп, қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді» делінген мәлімдемеде.

2023 жылы қала бойынша жалпы ұзындығы 50 271 метр жылу құбырының оқшаулағыштары қалпына келтірілген.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 10 желтоқсан күні Екібастұз жылу электр орталығының күл шығаратын құбырында ақау анықталып, салдарынан шаһардағы тұрғын үйлер суып кеткен еді. 

Синоптиктер алдағы күндері елімізде күн күрт суытып, 25-30 градус аяз қайта оралады деп болжап отыр.

Соңғы жаңалықтар