Екібастұздан Майқайың кентіне ауызсу жеткізетін үлкен құбыр 27 жылдан бері жаңартылмаған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Әбден тозығы жеткен су құбыры учаскесіне тек биыл ғана қаражат бөлініп, барлығы 20 шақырымға жуық желі қайта жаңарады. Мердігер қазіргі сәтте 10 шақырымын ауыстырып үлгерген.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Екібастұз-Майқайың ауызсу құбырының қазіргі уақытта жаңартылып жатқанын жеткізді.
— Майқайың су құбырын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанға барып, жұмыстың жүргізілу барысын тексердім. Құбырдың бұл учаскесі 27 жыл бойы жаңартылмаған. Барлығы 20 шақырымға жуық желі салынады. Қазіргі уақытта 10 шақырымнан астам құбыр ауыстырылды. Жалпы қарқын жаман емес, мердігер ұйымға бекітілген мерзімге сәйкес жұмыстарды аяқтауды тапсырдым, - деп хабарлады қала басшысы.
Аталған су құбырын жаңартуға бюджеттен 6,2 млрд теңге бөлінген.
Екібастұздан Майқайың кентіне ауызсу жеткізетін үлкен құбыр биыл 21 ақпан күні қатып қалып, салдарынан 10 мыңға жуық тұрғыны бар Майқайың кенті судан таршылық көрді.
Кейін Майқайыңда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған еді.
Тек арада 10 күн өткенде ғана құбырдағы ақау жойылып, ауызсу қысымы қалпына келді.
Еске сала кетейік, ҚР Үкіметі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға 9 млрд теңге бөлді.