ЕҚДБ Қазақстанда қаржыландыруының жартысын ұлттық валютада жүргізеді

Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы жалпы отырысында аталған банктің президенті Сума Чакрабарти мәлім етті.
Оның атап өтінше, өткен жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін шығаруға 120 млн. еуродан астам инвестиция құйылған. Бұған қоса, бұл ЕҚДБ-ның еліміздегі қолдау көрсетіп отырған жобаларының бір саласы ғана. Жалпы, банк еліміздің экономикасына 700 млн. еуродан астам қаржы салып отыр.
«Қазіргі уақытта Қазақстан біз жұмыс істейтін 36 нарықтың ішіндегі 4-ші ірі нарығымыз болып отыр. Әрине, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған реформалар бұл инвестицияларды ілгері жылжытуда», - деді ол.
Сонымен қатар ол банктің «Астана» халықаралық қаржы орталығына қолдау көрсетуге мүүделілік танытып отырғанын баса айтып, бұл орталықтың отандық қаржы секторларын реформалау мен дамыту үшін зәкір ретінде қызмет етуі тиістін атап өтті. «Дубай сынды бірқатар қаржы орталығы ішкі отандық қаржы секторынан қызметін оқшаулау туралы шешім қабылдады. Дегенмен, біз АХҚО мен отандық нарық бірге өсуі тиіс деп санаймыз және сіздермен бұл бағытта бірге жұмыс істейтін боламыз», - деді С.Чакрабарти.
Банк басшысы өз сөзінде банк Қазақстанда қаржыландыруының жартысын ұлттық валютада жүргізетіндігін атап өтті. Сонымен бірге ЕҚДБ командасы мүмкіндік туындаған сәтте ЭКСПО қалашығына көшетіндігін мәлімдеді.