ЕҚДБ Түркияда әйелдер мен жастардың жұмыспен қамтылуын қолдауға €75 млн бөледі

АСТАНА. KAZINFORM – Банк жаңа жұмыспен қамтуға ынталандыру бағдарламасы аясында Түркияның Өнеркәсіптік даму банкіне (TSKB) 75 миллион еуро (шамамен 86 миллион АҚШ доллары) көлемінде қаржы береді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

ЕҚДБ Түркияда әйелдер мен жастардың жұмыспен қамтылуын қолдауға €75 млн бөледі
Фото: trend.az

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Түркияда тұрақты әрі инклюзивті дамуды қолдауды жалғастырып келеді. 

ЕҚДБ-ның ресми мәлімдемесінде көрсетілгендей, бұл қаржы әйелдер мен жастарға арналған жұмыс орындарын ашатын кәсіпорындарды, сондай-ақ 2023 жылғы жойқын жер сілкінінен кейін қалпына келіп жатқан компанияларды қолдауға бағытталады.

Кімдер қолдау алады?

Қаржыландыру инклюзивтілік пен аймақтық қалпына келуге басымдық бере отырып бөлінеді:

• Қаражаттың 15%-ы жастарды жұмыспен қамтуды белсенді түрде қолдайтын компанияларға беріледі – бұл жастарды оқыту, тәжірибеден өткізу және жұмысқа орналастыруды қамтиды.

• Тағы 15%-ы жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарда, әсіресе Түркияның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы кәсіпорындарға бағытталады.

• Қалған 70%-ы әйелдердің жұмысқа орналасуына, кәсіби дамуына және басқарушы лауазымдарға жетуіне қолдау көрсететін инклюзивті кадрлық саясаты бар компанияларға беріледі.

Түркия жойқын жер сілкінісінің салдарынан мыңдаған адамның өмірін қиған және ел экономикасына елеулі зиян келтірген ауыр кезеңнен кейін қалпына келтіруді жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда басты міндеттердің бірі – жұмыс орындарын қалпына келтіру және дағдарыс жағдайында ең көп зардап шеккен әлеуметтік осал топтарға, соның ішінде әйелдер мен жастарға қолдау көрсету.

— Бұл бастама инвестицияның тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар екенін көрсетеді, — деп атап өтті ЕҚДБ өкілдері.

ЕҚДБ соңғы бірнеше жылда Түркиядағы жеке секторды дамыту, «жасыл» жобаларды қаржыландыру және инфрақұрылымды жаңарту салаларында негізгі сыртқы серіктестердің бірі болып келеді. Соңғы бес жылда банк Түркия экономикасына $8 миллиардтан астам инвестиция салып, ірі де, шағын кәсіпорындарға қолдау көрсетті.

Бұған дейін Түркия 1915 жылғы Чанаккале көпірін жаңғырту үшін $280 миллион көлемінде несие алатыны туралы хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар