Екі ақын Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы атанды

Айбатыр Самиғоллаұлы 1966 жылы 28 ақпанда Хан ордасы ауылында дүниеге келген, 175 жылдық тарихы бар Жәңгір хан мектебінің түлегі. Биыл ердің жасы - елуге толған Айбатыр Сейтақ Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, Астана қаласында баспасөз саласында еңбек етті. Соның ішінде республикалық «Сарыарқа» журналы бас редакторының орынбасары, «Жас Алаш» газетінің Астанадағы меншікті тілшісі, «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі болды. Көп жыл ҚР Парламенті Мәжілісінде еңбек еткен ол қазір ҚР Президенті Әкімшілігі аппаратында қызмет атқарады. Бірнеше жыр жинағының авторы, 1996 және 2000 жылдары «Сорос-Қазақстан» халықаралық қоры ұйымдастырған ақындар байқауының лауреаты, ҚР Президенті стипендиясының иегері.
Бөкей ордасының Сайқын ауылында туып-өскен Жансая Мусина - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі, қазір сонда аға оқытушы, магистр. Он жылдай уақыттан бері айтысқа қатысып, облыс намысын абыроймен қорғап келе жатқан Жансая республикалық додалардың жеңімпаз-жүлдегері атанып үлгерді. Сонымен қатар ол жазба поэзиямен де айналысады.