Екі аптада 3 мыңға жуық браконьерлік фактісі анықталды – ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Табиғат және жан-жануарларды қорғау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара кезінде жануарларға қатысты - 2 мыңға жуық, орман шаруашылығы саласында - 60, балық ресурстары саласында - 500-ге жуық заңбұзушылық анықталды. Толығырақ ІІМ әкімшілік полиция комитетінің табиғат қорғау полициясының қызметкері Әлішер Жармағамбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі аптада 3 мыңға жуық браконьерлік фактісі анықталды – ІІМ

«Полицейлер өз құзыреті аясында табиғатты қорғау іс-шараларына қатысып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға көмек көрсетеді. Табиғат қорғау полициясының инспекторлары қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлерімен бірлесіп, жануарлар дүниесі, балық ресурстары, орман шаруашылығы және жер қойнауын пайдалану саласындағы экологиялық заңнаманың орындалуын және заңсыздықтың жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шараларды ұдайы жүргізіп тұрады», - деді Әлішер Жармағамбетов ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

ІІМ өкілі келтірген мәліметке сәйкес, өткен жылы браконьерлік фактілері бойынша 137 қылмыстық құқық бұзушылық және 5 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

«Биыл 24 ақпаннан бастап 13 наурыз аралығында Ішкі істер министрлігі «Браконьер» профилактикалық шарасын өткізді. Оның қорытындысы бойынша табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 3 мыңға жуық фактісі анықталды. Оның ішінде жануарлар дүниесі саласында 2 мыңға жуық, орман шаруашылығы саласында 60, балық ресурстары саласында 500-ге жуық және өзге де заңбұзушылықтар бар», - дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінде балықтар мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу кезеңі басталды.

Биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігі ел аумағында балық аулауға тыйым салды.

«Шектеу мерзімі туралы толығырақ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің сайтынан біле аласыздар. Аталған талапты бұзғаны үшін заңнамада 10-нан 40 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік және 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілігі көзделген», - дейді табиғатты қорғау полициясының қызметкері.