Екі айда 160 млрд теңге қаражат заңдастырылды

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Даму және жаңғырту департаментінің директоры Ержан Біржанов мәлім етті.
Департамент басшысының айтуынша, жария ету бағдарламасын жетілдіру аясында заңнамаға енгізілген өзгерістер өз тиімділігін танытты. «Егер екі ай ішінде заңдастырылған ақшалай қаражаттарға келсек, бұл 160 млрд теңгеден асты. Бұл 2015 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есеге артық. Менің ойымша, бұл өте жақсы көрсеткіш. Бұл енгізілген жаңалықтардың тиімділігін көрсетіп отыр», - деді Ержан Біржанов.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен капитал мен мүлікті жария ету науқаны 2014 жылы басталған болатын. Былтырғы жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясындағы заңнамалар топтамасында жария ету бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген еді.