«Екі дастан, бір оқиға» - Баспасөзге шолу
***
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сайлау Байбосынның «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Екі дастан, бір оқиға» атты мақаласы негізінен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастаны мен Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» аталатын дастанына арналып отыр. Мақала авторының пікірінше, осы екі шығарма да «Шаңды жорық» атанған бір ғана тарихи оқиғаға арналған. Бұнда Мағжан ел аузынан естіген тарихи әңгімеге ақындық қиялын жалғап, көркем дастан тудырса, Үмбетей жырау өзі тікелей ішінде болып, көзімен көрген оқиғаны жырлаған.
«Оқырманға түсінікті болу үшін жоғарыда айтылған екі дастанның қысқаша мазмұнына тоқтала кетейік. Оқиғаға арқау болған ХVІІІ ғасырдағы қазақ-қалмақ соғысының бір кезеңі. Сол уақыттарда Сыр бойынан Арқаға қарай бет бұрған жеті момын тайпасының бір тармағы қанжығалы елі Ереймен тауларына келіп атбасын тірейді. Ол кезде Ерейменді Уса Серен бастаған 10 мың үйлі жоңғар-хошыуттар жайлап жатыпты дейді бүгінге жеткен өңір тарихы жайлы ауызекі деректе. Бөгенбай бастаған батырлар күндіз-түні ұрыс салып, осы қалың қалмақты Ерейменнің оңтүстігіндегі Аюлы-Нияздың Қаракөліне қарай ығыстырып тастайды. Мал-жанына өріс тарылып, қысымшылық көрген қалмақтар Абылай ханға кісі салып, оның баласы Қасым төрені қонаққа шақырып, қалмақ бегінің сұлу қызын көрсетелік, алам десе әйелдікке берелік, сөйтіп, Қасым арқылы қазаққа дегенімізді істетерміз деп шешеді. Абылай хан Уса Сереннің бұл ұсынысына көп ойланып, ақыры жанына бірнеше кісі ертіп, Қасымды қалмақтарға жібереді» деп бастайды әңгімесін мақала авторы. Сонымен қатар, Сайлау Байбосын екі дастандағы ұқсастықтарды, айырмашылықтарды салыстыра келе: «Мағжан ақынға кезінде «Батыр Баяндай» жауһарды жазуға осы Үмбетейдің «Жантай батыр» дастаны себеп болды ма екен» деген пайымын ортаға тастайды.
***
«...осыдан 100-200 жылдан кейінгі қазақ журналисі көтеретін тақырыптың не болатынын қайдам, ал бізден 100-200 жыл бұрын өмір сүргендерге «Ұрпақтарыңда осындай-осындай жүгенсіздік, көргенсіздік, кісәпірлік болады. Олар балаларын көшеде туып, одан соң бас тартып, далаға тастап кетеді» десе, зәрелері зәр түбіне кетіп, имандары ұшып, ондай ұрпақтың неге жетпей жатып желкесі қиылмайды, деп шошитынына кәміл сенемін. Алайда, қазіргі шындық осындай», деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Жетімнің көз жасы...» атты мақалада автор Анар Төлеуханқызы. Автор «Аналар үйі» қоғамдық қорының қызметін айта отырып, еліміздегі ата мен ана құшағында емес, өкіметтің тас қабырғадан қаланған сұрқай үйлерінде қазынаның есебінен тәрбиеленіп жатқан жетімдер мәселесін қозғайды. Бала асырап алушылардың жайына да назар аударады.
***
«Жылқының жөні бір бөлек» атты «Айқын» газетінің жұма күнгі нөміріндегі мақалада қазақ үшін ерекше түлік туралы деректер мен дәйектер келтірілген. «Жабайы жылқылар ХІХ ғасырға дейін Батыс Қазақстан, Батыс Сібір, Ресейдің еуропалық бөлігінің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарын және кейбір Еуропа елдерін мекен еткен. Ғалымдардың зерттеулері бойынша, үй жылқысының ең жақын тегі керқұлан. Ал жабайы жылқылардың сүйегі Францияның солтүстігінен көп табылған. Америкада жабайы жылқы болмаған, қолға үйретілген жылқылар кейін тағыланып, мустанг деп аталып кеткен. Түріне, күтімі мен өсу айналасына байланысты қазіргі үй жылқысы орташа есеппен 25-30 жыл жасайды. Кей кезде, жасы 40-тан асады. Зерттеушілердің айтуынша, ХІХ ғасырда Ескі Билли де-ген ат 62 жыл өмір сүрген екен. Ал Шуга Пафф деген пони, 2007 жылы 56 жаста өліп, Гиннестің рекордтар кітабына енген», - деп жазады басылым. Мақала авторының жазуынша, дүниежүзінде 23 ұлт жылқыны киелі жануар деп есептейді екен, ал соның бірі қазақ халқы.
***
«Экспресс К» газеті Қыдырәлі Болмановтың мерейтойлық концерті жайлы мақалада әлеуметтік желі арқылы жұртты дүрліктірген «тоқал» әңгімесінің түйіні «Тойоту Лэнд Крузер 200» көлігіне айналғаны туралы жазады. «Болманов повелитель звука» атты мақалада автор әншінің жары Қарақат Әбілдинаның әлгі әңгімесі жұрт күтпеген әрі ең әсерлі пиар-қадам болғанына назар аударады. Қыдырәлінің өзі бір көлікте 15 жыл отырғанын, оны жаңалағысы келмегенін айтып еді. «15-жылдық мерейтойлық концерт «Алау» мұз айдынында өтті. Продюсер Кыдырәлі Болманов көп жылдар бойы Қазақстанда осындай әлемдік деңгейде шоу ұйымдастыруды армандаған екен, ойлағаны жүзеге асты. Концерттегі дауыс пен жарық эффектілері отандық шоу-бизнестің бұрынсоңғы тарихында болмаған сапады ұйымдастырылған» деп жазады мақала авторы.