Екі дос кішкентай балаларды өрттен алып шықты - Өскемен

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінен хабарлағанындай, екі дос дүкеннен үйлеріне қайтып келе жатады. Мыза көшесімен өтіп бара жатқан олар тұрғын үйдің бірінші қабатындағы терезелердің бірінен шығып жатқан қою түтінді, ал терезе шынысының ар жағынан үрейлері ұшқан екі баланы байқайды. Бірінің иығына бірі мінген жігіттер терезенің торкөзін сындырып, шыныны сындырып, өртеніп жатқан пәтерге кіреді. Балаларды далаға алып шыққанан кейін, өздері өрт сөндіру қызметіне телефон соғады. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынды бірнеше минуттың ішінде ауыздықтайды.
Анықтаушылардың алдын-ала долбары бойынша, өрт үлкендердің қарауынсыз қалған балалардың ойынынан туған. Манат Дәуітбеков пен Дидар Базарбаевтың арқасында ғана балалар аман қалып отыр.
Дидар №3477 әскери бөлімнің қызметкері болса, оның досы Манат жергілікті фирмалардың бірінде күзетші болып жұмыс істейді. Бір қызығы, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерімен болған әңгімесінде Манат өрт сөндіруші болуды армандайтынын айтқан.