Екі күн ішінде 17 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері анықталды
АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - 21 қазанда басталған «Қауіпсіз жол» кеңауқымды жалпыреспубликалық алдын алу шарасы барысында 17 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері анықталды.
Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Ішкі істер министрілігі Елбасының 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларына сәйкес жол-көлік оқиғаларын азайту және оның зардаптарын төмендету мақсатында 21 қазаннан бастап «Қауіпсіз жол» кеңауқымды жалпыреспубликалық алдын алу шараларын өткізуде. Әкімшілік полиция бөліністерінің барлық жеке құрамы өз қызметтерін күшейтілген режимге ауыстырды, яғни жасақтардың орналасу жиілігі және күзет бағыттары артты. Аталған шараларға күніне 5 мыңға тарта ішкі істер органдарының қызметкерлері жұмылдырылады. Іс-шара жүргізілген екі күн ішінде 17 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері анықталды», - деді ресми өкіл.