Екі күнде елордада техникалық ақауы бар 38 автобус анықталды
АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Жолаушылар көлігі апаттарының алдын алу мақсатында биылғы жылдың 28 ақпанынан 7 наурызына дейін «Автобус» шұғыл профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл туралы қалалық ІІД Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті.
Астана қаласы ресми сайтының хабарлауынша, осы кезеңде іс-шараға жол полициясының барлық қызметкерлері тартылады. Басқарманың жеке құрамының күшейтілген жұмысы қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жасалатын жол қозғалысы ережесін өрескел бұзуды анықтауға бағытталған.
«Іс-шараның екі күнінде Астана қаласы ІІД ЖПБ инспекторлары қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары қызметкерлерімен бірігіп, қала бағдарында жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын 9 автобус паркін тексерді. Нәтижесінде, 38 автобус техникалық жағынан жарамсыз деп танылып, желіге техникалық жарамсыз автобустарды шығарған 10 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Жыл басынан бері Астана қаласының ІІД ЖПБ инспекторлары жол қозғалысы ережесін бұзған 400-ге тарта автобус жүргізушісін анықтады.