13:21, 06 Тамыз 2012 | GMT +5
Екі күннен кейін Қазақстанның батыр қыздары Лондон Олимпиадасынан оралады
АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы хабарлағандай, екі күннен кейін, тамыздың 8-і күні Лондон Олимпиадасының алтын медаль иегерлері Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова елге оралады.

Естеріңізде болса, 53 келі салмақ санатында өнер көрсеткен жерлесіміз З.Чиншанло серпе көтеру сайысында 131 келі көтеріп, әлем рекордын жаңартты. Ал екі сайыстың қорытындысы бойынша 226 келіні бағындырып, Лондон Олимпиадасының чемпионы атанды.
Одан кейін жарыс жолына шыққан Майя Манеза (63 келі) жалпы салмағы 245 келіні көтеріп, Олимпиада рекордын жаңартты. Ол бізге үшінші алтын медаль әкелді.
Ал 75 келі салмақ санаты бойынша Қазақстанның намысын қорғаған Светлана Подобедова әлемдік рекордты екі мәрте жаңартып, ел қоржынына төртінші "алтын" түсірген болатын.