Екі жаңа темір жолды іске қосу үшін 3,5 мың жұмыс орны құрылады - А. Мамин

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - Екі жаңа «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» темір жолдарын іске қосу үшін 3,5 мың жұмыс орны құрылады.
None
None

Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Мамин темір жол тармақтарының ашылу рәсімінде мәлім етті.

«Теміржолшылар теміржол құрылысын салу жөніндегі сіздің тапсырмаңызды ерекше ықыласпен қабылдады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, құрылысшылардың тыңғылықты еңбегінің арқасында жұмыс көлемі қысқа мерзімде орындалды», - деді А. Мамин.

Оның деректері бойынша, құрылыс аясында 46 млн. текше метр жер төсемі игеріліп, 1200 шақырым жол, 46 көпір мен жол өткелі салынды, 570 су өткізу жүйесі жөндеуден өтті, 4200 шақырымнан астам жерге электрмен жабдықтау желілері жүргізіліп, басқа да өндірістік инфрақұрылым нысандары құрылды.

«Тасымалдау үдерісінің техникалық операциясы 23 стансада, 33 разъезде жүзеге асырылады. Оның ішінде 6 жаңартылған станса - Арқалық, Шұбаркөл, Сексеуіл, Шалқар, Бейнеу бар. Инфрақұрылымдық технологиялық байланыстар озық сандық стандарттарға негізделген. Жаңа желілерді пайдалануға беру үшін 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, әлеуметтің инфрақұрылым нысандары салынады», - деп қосты ҚТЖ басшысы.

Ол осынау алып құрылыс мыңдаған қазақстандықтар үшін білім мен шеберлік мектебіне айналғанын атап өтті. «Елбасының жеке басшылығымен саланы қайта ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, магистральдық теміржол желілерін дамыту бойынша жобалар іске асырыла бастады. Нәтижесінде Қазақстанда 2,5 мың шақырымнан астам жаңа теміржол салынды», - деді елдің бас теміржолшысы.

А. Мамин бүгін пайдалануға енгізілген жаңа теміржолдар «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» бағыттарында жүктер ағынын жандандыратынын атап өтті. Жаңа теміржолды іске қосу Азиядан Ресей бағытында одан әрі Еуропаға, Каспий арқылы Әзербайжан, Грузия, Түркия және Оңтүстік Еуропа бағытында, Түркіменстан арқылы Парсы шығанағы бағытындағы трансқазақстандық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін күрт арттырады.

Соңғы жаңалықтар