10:55, 11 Мамыр 2014 | GMT +5
Екі жыл бойы мұнай ұрлығымен айналысқан топ қолға түсті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы бойынша Қаржы полициясы департаменті Қызылорда және Ақтөбе облыстарында 2 жыл бойы мұнайды заңсыз сатып алу және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің жолын кесті. Бұл туралы қаржы полициясының баспасөз қызметінен хабарлады.

2012-2013 жылдары 5 азаматтан құралған ұйымдасқан қылмыстық топ заңды құжаттарынсыз 356 млн. теңгеден астам соманы құрайтын 54 вагон мұнай және мұнай өнімдерін заңсыз сатып алумен, тасымалдаумен және өткізумен айналысқан. Әрі қылмыстық табыстың 236 млн. теңгесін 4 жалған кәсіпорын арқылы заңдастырған.
Қозғалған қылмыстық іске қатысты азаматтар Х-ға және И-ға қылмыстық топты ұйымдастыру бойынша айып тағылды. Топтың басқа мүшелері ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне белсенді қатысқандығы үшін күдікті боп саналады.
Қазіргі таңда қылмыстық істі арнайы прокурор басшылығы мен тергеу тобы тергеуде. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.