Екібастұз алдағы жылыту маусымына қалай дайындалып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Екібастұзда алдағы жылыту маусымына дайындық қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білесіздер, Екібастұз қаласы төтенше жағдайды ерлікпен еңсерді. Қазір ол қаланың жылумен жабдықтау жүйесін ауқымды түрде жаңартып жатырмыз. Экібастұз жылу-электр орталығында екі қазандық жөнделіп бітті. Қалған сегізі жөнделіп жатыр. Бүкіл қажетті материал мен қондырғылар сатып алынып қойған. Қазір соларды жеткізіп, орнатып жатыр», - деді облыс басшысы.
Сайын Байхановтың айтуына қарағанда, өңірдің өзге қалалары мен ауылдарында да сумен қамтамасыз ету және жылу тарату салаларында бірқатар жоба іске асырылмақ.
«Жыл аяғына дейін ауылдарды сумен қамту деңгейі 95 пайыздан 97,8 пайызға, қалаларда 96 пайыздан 97 пайызға дейін артады», - деді аймақ басшысы.
Бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұз қаласында 10 жылу қазандығы түгел жөнделетінін айтқан болатын.
«Екібастұз жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта 7 қазандықта жұмыс жүріп жатыр. Коммуналдық меншікке қабылданған 5 су жылыту қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінді. Қалған 5 бу қазандығы, сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар «Орта Азия электр энергетикалық корпорациясы» акционерлік қоғамының есебінен жөнделеді», - деген ол.