Екібастұз полиция қызметкерлері балтамен өлтірген қылмысты ізін суытпай ашты
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Екібастұзда полиция қызметкерлері қала тұрғынының өліміне қатысты күдіктіні ізін суытпай қолға түсірді, деп хабарлайды Павлодар облысы ІІД баспасөз қызметінен.
Зорлықпен өлтірілген 52 жастағы ер адамның денесі «Горняк» саяжай үйінде табылды.
Тергеу барысында күдікті бұрын ҚР ҚК 178-бабы, 2-бөлімі бойынша істі болған 28 жастағы тұрақты мекенжайы жоқ адам екені анықталды. Олар саяжайда бірге спиртті ішімдік ішкен, кейін жанжал шығып жігіт бөтелкелесін балтамен ұрған.
«Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.