Екібастұзда бірқатар жер үйге жылу беру тоқтатылады
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Бүгін Екібастұз қаласындағы бірқатар жер үйге жылу беру тоқтатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС мәліметінше, жылу берудің тоқтатылуы жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен байланысты болады. Осылайша, 28 желтоқсанда Беркімбаев көшесі 204-206 мекенжайларына қарай кварталішілік жылу жүйесі ажыратылады.
«Осыған байланысты сағат 10.00 - 14.00 аралығында Беркімбаев көшесі 204, 204а, 206, сондай-ақ Мұнайшылар көшесі 1, 2, 4, 8, 9, 10 мекенжайларындағы жеке үйлерде жылу болмайды», - делінген компания хабарламасында.
Сонымен қатар осы күні сағат 09.00 – 14.00 аралығында 22-Оңтүстік жол – Гридин бағытына қарай кварталішілік жүйемен жылу беру өшіріледі. Нәтижесінде 22-Оңтүстік жол 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14 мекенжайларындағы жер үйлер жылусыз қалады.
Ал сағат 09.00 – 15.00 аралығында М.Жүсіп көшесі 34, 34а, Кеншілер көшесі 12а, 12б, 14, 16 көшесіндегі жеке үйлерге, сондай-ақ «АТФ Банк» АҚ ғимаратына жылу беру тоқтатылады.
Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.
28 қараша күні қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.
Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестиция жеткіліксіздігі аталды.
7 желтоқсанда барлық көпқабатты үй жылуға қосылғаны мәлім болды.
8 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы жылу жүйесін қалпына келтіру 15 желтоқсанға дейін аяқталатынын айтты. Осы күні қалада төтенше жағдай режимі алынды.
12 желтоқсанға дейін 4 жер үйден басқа тұрғын үйлердің барлығына жылу берілді.
Бас прокуратура Екібастұздағы апатты тергеу екі айға дейін созылатынын мәлім етті.
Фото: Константина Шелков