Екібастұзда кей автобустар жолаушы тасымалдауға шықпай қойды

Қыркүйектің 14-і күні 2, 22 және 5 нөмірлі үш бағыттағы автобустар желіде жұмыс істемеді.
Соның салдарынан кейбір азаматтар жұмысқа, оқушылар сабаққа кешігіп келген.
Жұрт такси шақырып, аялдамаларда тоңып қалғанына наразы. Олар наразылығын әлеуметтік желілерде білдірді.
«Балалар аялдамаларда тоңып, күтіп тұрды. Біз сабаққа кешігіп қалдық. Мұндай жаңалықты алдын ала хабарлау керек», – деді наразы қала тұрғындарының бірі.
Екібастұз әкімдігі бұл жағдайға байланысты жауап қатып, қоғамдық көліктердегі бөгелістерге түсінік берді.
«Бұған дейін № 2, 22, 5 бағыттар бойынша тасымалдайтын компанияны анықтау үшін конкурс өткізіліп, байқау қорытындысы бойынша «Жоламан» ЖШС жеңімпаз атанды. Бұрын тасымалдауды «Тұлпар» ЖШС жүзеге асыратын. Келісім бойынша «Тұлпар» ЖШС 18 қыркүйекке дейін қызмет көрсетуі тиіс еді. Конкурс нәтижесімен келіспегендіктен компания желіге шықпады. Қалыптасқан жағдай үшін кешірім сұраймыз және «Жоламан» ЖШС жылжымалы құрамы дайындалып жатқанын хабарлаймыз, №2, 22, 5-маршруттар жақын арада желіге қайтарылып, әдеттегі кесте бойынша жұмысын жалғастырады», - деп хабарлады қалалық әкімдік Instagram желісіндегі парақшасында.
Екібастұзда күн сайын барлығы сегіз бағыт бойынша 30-дан астам автобус желіге шығады.
Бұған дейін оларға екі тасымалдаушы – «Жоламан-ЭК» ЖШС және «Тұлпар-ЕК» ЖШС қызмет көрсеткен.
Соңғысы үш автобус бағытына жауапты болды, енді ол байқау қорытындысы бойынша қызмет көрсету құқығынан айрылды.