Екібастұзда құрметті азамат Жеңіс Мейірманның 70 жылдығын атап өтті (ФОТО)

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Екібастұз әкімі Александр Вербняк қаланың құрметті азаматы, Қазақ КСР білім беру саласының үздігі, педагогикалық еңбек ардагері Жеңіс Шанахқызы Мейірманды мерейтойымен құттықтады.
None
None

«Екібастұз қаласының әкімі боп жұмыс бастаған алғашқы күннен бастап, Сіздің қолдауыңызды көріп келемін. Қолдап, орынды кеңес бере алатын ерекше қасиетіңіз бар. Сізді туыстарыңыз, дос-жарандарыңыз құрмет тұтады. Қалалықтар арасында да үлкен беделге иесіз. Түрлі мәселелерді шешуде, әсіресе, мемлекеттік тілді дамытуға пәрменді жәрдем көрсетіп, өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөлесіз», - деп атап өтті А.Вербняк.
Қала басшысы мерейтой иесіне мықты денсаулық, табыс тіледі. Иығына шапан жауып, гүл шоқтарын ұсынды.
Өзінің педагогикалық қызметін Жеңіс Шанахқызы 1966 жылы кітапханашы, Екібастұз қаласының №2 қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып бастады. Оқушылар кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы болды. Екібастұз педагогикалық училищесі директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, директоры, №26 орта мектептің директоры болды.
Құрметті демалыста бола тұра Ж. Мейірман қаланың қоғамдық өміріне белсене араласты. Көптеген қоғамдық комиссиялардың, тіл саясатын жетілдіру бойынша жұмыс тобының мүшесі болып табылады. №26 орта және «Зерде» мектептерінде жас әріптестерінің тәлімгері.
«Екібастұз қаласы мұсылман әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігін басқара жүріп, жастарды және әйелдерді рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбиелеу саласында, мәдениет, ұлттық дәстүрді дамытуда, қазақ халқының әдеби, мәдени, тарихи мұрасын насихаттауда, ана, бала және аз қамтылған отбасылардың заңды мүдделерін қорғауда көп еңбек етті. «Келіндер отауы», «Әжелер алқасы» қыздар клубын, «Мейірім» тобын құрды. Қалалық телеарнамен бірлесіп «Назерке» телеклубын ұйымдастырды.
Ол белсенді қызметі үшін «Қазақ КСР білім беру саласының үздігі», «Облыс алдындағы еңбегі үшін» белгілерімен, «Құрмет» орденімен, ҚР Президентінің алғыс хатымен, ҚР БМ құрмет грамотасымен, «Еңбек ардагері», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен және басқа да наградалармен марапатталды.
null null null

Соңғы жаңалықтар