Екібастұзда сапасыз берілген жылу ақысын қайта есептеу қажет - Асайын Байханов

ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Бүгін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласын жылумен қамту бойынша жедел штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бұл тұрғыда әкім әлеуметтік желідегі парақшасында ЖЭО-ның жабдықтары мен коммуникациялары қалай жөнделіп жатқанын тексергенін жазды.

Өңір басшысы қала тұрғындары жылу беру жүйесінің сапасына қатысты шағым түсіріп жатқанын айтты. Осы орайда, А. Байханов жылумен жабдықтау саласындағы сапасыз қызмет үшін төлемді қайта есептеу бойынша ұсынылған жаңа тәртіппен келіспейтінін, сондай-ақ оған тұрғындар да наразы екенін жеткізді. Шын мәнінде, бұл қызмет тиісті деңгейде жүзеге асырылмады. Сондықтан, осы есеп-қисап жұмыстарын қайта қарау керек.

Жиын барасында станция 6 қазандықтың жұмысын қамтамасыз етіп отырғаны айтылды. Жылу беру желілері бойындағы 9 жерде қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Келесі аптада темірбетон құрылыстарын орнату, ең күрделі учаскелерде құбырлардың бетін жабу сияқты жұмыстар атқарылмақ.

«Жылу электр орталығын жөндеуге қатысты дайындық басталды. Көктемде станцияда 5 су жылыту және 3 энергетикалық қазандық агрегаты жаңартылады. Қазір жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Негізгі міндет – қаладағы жылумен қамтамасыз ету жүйесінің қайтадан тоқтап қалуына жол бермеу. Сондықтан, оны барынша тезірек қалпына келтіруге мән беріліп отыр», - деді Асайын Байханов.

Еске салсақ, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған еді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Жақында «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ға 1,1 млн теңгеге айыппұл салынды.

Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі


Соңғы жаңалықтар