Екібастұзда Шахтер күні тойланды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ертіс өңірінің кеншілері кәсіби мерекелерінің қарсаңында өткен жылғыдан 5,5 пайыз артық көмір өндіріп, 30,8 миллион тоннадан асырды, деп хабарлайды, pavlodarnews.kz.
None
None

Шахтер күніне орай қаладағы мәдениет орталығында салтанатты кездесу өтті. Кездесу қонақтары кен орындарында жұмыс жасайтын жүздеген кеншілер болды. Олардың арасында «Шығыс» кенішінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Ришат Әміренов те бар.   - Осы жылдар аралығында отбасымызда кеншілер әулеті қалыптасып үлгерді. Менімен бірге екі ұлым, екі қызым мен екі күйеу балам жұмыс жасайды. Әрқайсымыз үшін Шахтер күні жылдағы басты мерекелердің бірі болып саналады,- деді Ришат Әміренов.  

 Кеншілерді кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Болат Бақауов та құттықтады. Ол өңір көмір бойынша еліміздің ішкі экономикадағы қажеттіліктерін толық қамтамасыз етумен қатар, экспорттың да жоғары деңгейіне ие екенін атап өтті. - Сіздердің мамандықтарыңыз аймағымыз үшін қашан да қажетті әрі маңызды болып келді және солай қала береді, - деді мереке себепкерлеріне Болат Бақауов. - Шахтерлердің еңбегінің арқасында өндіріс орындары мен тасымал жұмыс жасап, ал, үйімізге жылу келіп тұр. Кеншілер жан аямай еңбек ету арқылы Екібастұздың көмір кәсіпорнының шежіресіне өз есімдерін жазуда. Сіздердің даңқты еңбектеріңіз бар ынтамен берілудің және игіліктің үлгісі болып қалады. Батылдық, күш және жігерлілік - шахтер мамандығын таңдаған адамдардың өзгелерден айырмашылығы».

Шахтер күніне орай көмір өндірісінде көзге түскен қызметкерлерге алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталды. Шара мерекелік  концертпен аяқталды.  

Соңғы жаңалықтар