19:19, 28 Наурыз 2016 | GMT +5
Екібастұзда жоғалып кеткен жылқылардың өлексесі батпақтан табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екібастұз ауылдық аймағында жылқышылар өткен жылы жоғалып кеткен 39 бас жылқының өлексесін тауып алды. Бұл туралы Павлодар облысы ІІД-нің баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова мәлім етті, деп хабарлады Рavlodarnews.kz.

- 43 бас жылқы жайылымнан 2015 жылы 17 қарашадан 18-іне қараған түні жоғалып кеткен. Оның 26-сы «Номад» шаруа қожалығына, қалған 16-сы жеке адамдарға тиесілі. Мал иелері шағыммен полицияға жүгінгеннен кейін 188-бап - «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында арнайы топ жұмыс істеп жатыр.
Алдын ала болжам бойынша, жылқылар батпақ көлге тап болған. Қалған үш жылқының қайда жоғалып кеткендігі әзірге белгісіз. Еске сала кетейік, 2015 жылдың соңында Красноармейка ауылында шаруа қожалығының ауласынан 90 бас сиыр мен қой ұрланған. Малдың жартысын сол кезде полицейлер Павлодардың шетіндегі қараусыз қалған базадан анықтаған. Бұл фактіге қатысты үш қылмыскер ұсталды.