Екібастұздың білім бөлімінің басшысы мектептерден ақша жинағаны үшін қамауға алынды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында мектеп директорларынан ҰБТ-ны сәтті тапсыруға ақша жинағаны үшін Екібастұз қаласындағы білім бөлімінің басшысы ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Павлодар облысы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаментінің тергеу басқармасы Екібастұз қаласындағы білім бөлімінің басшысы Нұржамал Мақымованың қылмыстық жолмен жұмыс істегендігін әшкереледі. Бұл жайлы брифингте тергеу басқармасының басшысы Руслан Куватов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жүйелі түрде ақша жиналып келген, бұл іске қаладағы барлық жалпы білім беру мекемелері қатысқан. Әр мектеп директоры білім мекемесінің Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсыруы үшін 100 000 теңгеден өткізген. Бұған қоса, қылмыстық іске білім бөлімінің басқа да қызметкерлері тартылған. 

«Алғашқы дәлелдер осылар. Қазіргі уақытта әрекет алаяқтық деп бағаланып отыр, өйткені ақша жинау кезінде комиссия құрамында кім болғандығы әзірге беймәлім», - деді Павлодар облысы бойынша  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаменті тергеу басқармасының басшысы Руслан Куватов.

Қазір қалалық білім бөлімінің басшысы тергеу абақтысына қамалды. Сот  оны қамауға алу санкциясын берді.

Ол түсінік беруден бас тартып, тергеу амалдарына қатыспай отыр. Р.Куватовтың айтуынша, кейбір мектеп директорлары кінәларын мойындаған. Қазір тексеру амалдары жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар