Екібастұздың «Богатырь» разрезі көмір шығаруды қайта бастады

деп хабарлайды ҚазАқпарат кәсіпорынның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кен қазу жұмысын бір айға тоқтатуға мәжбүр болған «Богатырь Көмір» ЖШС тау-кен қазу техникаларына және энергиямен қамтамасыз ету нысандарына түгендеу жүргізді. Немістің «ТАРКАФ» фирмасының мамандарымен бірлескен жұмыс нәтижесінде екі роторлы комбайн жөндеуден өтті, қазір үшінші комбайнды жаңарту қолға алынды. Темір жол стансасы қайта құрылды, «Богатырь» жол шаруашылығының байланыс жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді.
Жұмыс басталған алғашқы тәулікте 95 мың тонна отын жөнелтілді. Шілде айында Қазақстан мен Ресейдің энергетиктеріне барлығы 2 млн. 840 мың тонна көмір жіберіледі деп күтілуде.
Өткен алты айда «Богатырь Көмір» 14,4 млн. тонна отын сатты, ал алдағы жартыжылдықта 20 млн. тоннадан астам көмір қазу және оларды тұтынушыларға жөнелту жоспарланған.