ЕҚЫҰ 2025 жылдың соңына дейін Минск тобын жабады

АСТАНА. KAZINFORM — Таулы Қарабах мәселесін реттеуге арналған Минск тобы 2025 жылдың желтоқсан айынан кешіктірілмей толық жабылады. Бұл туралы ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Финляндияның сыртқы істер министрі Элина Валтонен Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен Ереванда өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

ЕҚЫҰ 2025 жылдың соңына дейін Минск тобын жабады
Фото: newsarmenia.am

— Біз ЕҚЫҰ Минск тобын жабу туралы бірлескен үндеуді құптаймыз және бұл үдеріс 2025 жылдың желтоқсанынан кешіктірілмей аяқталады деп үміттенеміз, — деді Валтонен.

Ол Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілік орнату үдерісін оң бағалап, 2025 жылғы 8 тамызда Вашингтонда қабылданған қадамдардың маңыздылығын атап өтті.

— Біз сіздердің күш-жігеріңізді жан-жақты қолдауға дайынбыз. Менің бұл сапарым Армения үкіметінің елдегі азаматтық қоғамды нығайтуға деген ұстанымын көруге мүмкіндік беріп отыр. Біз Армениямен екіжақты қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз, — деді ЕҚЫҰ төрағасы.

Еске сала кетейік, ЕҚЫҰ Армения мен Әзербайжанның бірлескен өтінішінен кейін Минск тобын (оның тең төрағалары — Ресей, АҚШ және Франция) және оған қатысты құрылымдарды ресми түрде жабады. Бұдан кейін тек әкімшілік қызметтер атқарылады, атап айтқанда — мүлік пен жабдықтарды тапсыру.

Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанмен бейбіт келісім мен ЕҚЫҰ Минск тобын тарату туралы бірлескен мәлімдемені қатар қол қоюды ұсынған болатын.

Соңғы жаңалықтар