Екінші АЭС-ті Қытай салатындығына қатысты түпкілікті шешім қабылданған жоқ — агенттік
АСТАНА. KAZINFORM — Екінші АЭС-ті Қытай салатындығына қатысты түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бұл туралы Атом энергетикасы жөніндегі агенттіктен мәлім етті.

— «Росатом» компаниясы Қазақстанда бірінші АЭС құрылысы бойынша «China National Nuclear Corporation» ұсынысынан аздаған басымдықпен озып кетті. Атап өтерлігі, екінші АЭС бойынша шешім әлі қабылданған жоқ. Бірақ, қытайлық компанияның ұсынысы аталған жоба үшін қарастырылып жатыр, — деді агенттіктен БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Агенттік тиімді халықаралық консорциум құру аясында шорт-парақ қатысушыларының бәрімен диалог жүргізілгенін атап өтеді. Бұл диалог алдағы уақытта жалғасады.
— Қазақстан болашақ энергетикасын салады және бұл жүйеде түрлі технологиялық шешімдерге орын табылады. Қазіргі уақытта шорт-парақтағы өзге де компаниялармен басқа АЭС және сервис пен техникалық қызмет көрсету, оқшаулау мен ядролық-отын циклі сынды аралас бағыттар бойынша ынтымақтастықтың түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Екінші АЭС бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін коммерциялық келіссөздерді аяқтау қажет, — деді ведомстводан.
Бұған дейін «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталғанын жазған едік.
Сонымен қатар Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы тағы бір АЭС-ті қытайлық вендер салатынын мәлім етті.
АЭС-тен өндірілетін электр энергиясының құны ЖЭО мен ЖЭС-тен алынатын электр энергиясына қарағанда жоғары болады.