Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалған картина табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Потсдамдағы Жаңа сарайға француз суретшісі Шарль Лебреннің 81 жыл бойы жоғалған деп саналған «Қасиетті отбасы» картинасы қайтарылды. Сурет шамамен 1655 жылы салынған. Ал одан бір ғасыр өткен соң Пруссия королі Ұлы Фридрихтің коллекциясына енген.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалған картина табылды
Фото: BILD

BILD агенттігінің мәліметінше, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде картина Бранденбург жеріндегі Райнсберг қамалына жеткізілген. Алайда 1945 жылдың жазында із-түзсіз жоғалған.

2021 жылы туынды Берлиндегі шағын аукциондардың бірінен табылды. Оны канадалық коллекционер сатып алған. Ол картинаның шығу тарихын өз бетінше анықтап, туындыны Потсдамға қайтаруға ұсыныс жасаған.

Келіссөздерден кейін Пруссия сарайлары мен бақтарының достары қоғамы және Эрнст фон Сименс атындағы өнер қоры картинаның иесімен мәмілеге келген. Коллекционерге бірнеше жүз мың еуро көлемінде өтемақы төленген.

17 қарашадан бастап картина Потсдамдағы Жаңа сарайда қайтадан көпшілік назарына ұсынылды.

Еске сала кетейік, Францияда миллиондаған еуро тұратын Ренуар картиналары ДНҚ арқылы табылды.