Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары толық анықталып болған жоқ – БҚО өңірлік комиссиясының мүшесі

Ахмедияр Батырханов
Фото: Ахмедияр Батырханов мұрағатынан

Мемлекет басшысының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес Батыс Қазақстан облысында да тиісті жұмыстар атқарылды. Осы бағытта қолға алынған істің бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға алынған қазақстандық жауынгерлерді ақтау. Бұл жөнінде өңірлік комиссия мүшесі, БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова музейінің меңгерушісі, өлкетанушы-журналист Ахмедияр Батырханов Kazinform тілшісіне әңгімелеп берді.

-Ахмедияр Қуанұлы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі ретінде өз бағытыңыз бойынша қандай жұмыстар атқарылды?

-Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» №456 Жарлығына сай Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 20 қаңтардағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құру туралы» №1 қаулысы жарық көрген еді. Аталмыш қаулыға сәйкес біздің облыста комиссия құрылып, жеті бағытта жұмыс атқарды. Сол жеті бағыттың бірі – «1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау» бойынша жұмыс тобының жетекшісі ретінде қал-қадерімше жұмыс атқардым.

Ізденіс барысында Алматы мемлекеттік орталық архивінде, Алматы және Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті архивтерінде, ҚР Президенті архивінде, БҚО мемлекеттік архивінде жұмыстандым. Мәселен, 1995 жылы Орал қаласынан «Полиграфия» баспасынан жарық көрген «Боздақтар» кітабы 1-томының 23-бетінде «1941-1945 жылдары тұтқында Батыс Қазақстан облысынан 157 адам қайтыс болды» деген мәлімет жазылған. Біріншіден, бұл жерде 1939-1940 жылдардағы фин-кеңес соғысында тұтқында қайтыс болғандар елеусіз қалған. Екіншіден, 4 жылғы соғыста біздің өңірден 157 адам қайтыс болды деген дерекке бірден күмәнмен қарадым. Аталмыш кітаптың 22-бетінде 1938-1945 жылдары облысымыздан әскер қатарына 76 635 адам шақырылғаны жазылған. Ендеше, 76 635 адам бір облыстан әскерге шақырылса, тұтқынға түскендер саны едәуір болуы айтпаса да түсінкті. Үш жылдай комиссия тобында жұмыс атқарып, Батыс Қазақстан облысы бойынша 4 981 адамның жау қолына тұтқынға түскенін анықтадым. Жау қолына тұтқынға түскендер саны бұдан да көп болуы мүмкін. Тұтқындар жөнінде 100 пайыз анықтадым деп айтудан аулақпын. Бұл жұмысқа нүкте қоюға әлі ерте. Шыны керек, іздеу, зерттеу, сараптау жұмысымыз енді-енді қарқын алған тұста өткен жылы қазан айында жұмысымызды тоқтаттық.

РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінің «Память народа» және «Обд-мемориал» сайттары арқылы соғыстан оралмағандар туралы мәлімет іздеу жұмысымен айналысып жүріп, соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түскен 2 059 батысқазақстандық туралы құжатпен жұмыстандым. Тұтқынға түскендерден 1 051 адам тұтқында қайтыс болған, 264 адамның кейінгі тағдыры белгісіз болса, 744 жерлесіміз тұтқыннан босаған.

Одан бөлек БҚО полиция департаменті архивінен соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түскен 2 922 жерлесіміз туралы мәлімет алдым. БҚО полиция департаменті архивінде тұтқыннан босап, елге оралғандардың және соғыс жылдары істі болып 1941-1952 жылдары РСФСР Қылмыстық кодексінің 19-136 -1, 58-1 «б», 58-4, 58-8, 58-9, 58-10, 58-11, 58-14, 193-7 «г», 193-17 «а» баптарымен Оңтүстік Орал әскери округінің әскери трибунал және соғыс жылдары әскери құрамалардың әскери трибунал үкімдерімен 5, 7, 8, 10, 15, 25 жылға сотталғандар және Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағы Халық қорғаныс комиссарының 1942 жылғы 28 шілдедегі № 227 бұйрығын орындамағандары үшін ату жазасына кесілген 284 адамның ісі сақтаулы болды. Өкінішке қарай, 2022 жылы қазан айында архив құжаттарын Алматы қаласына көшіруге байланысты жұмысымыз жалғасын таппады. Комиссия құрамында тек қана соғыс тұтқындары бағытында жұмыстанған жоқпын. Сонымен қатар майдан даласында істі болып, айыптылар роталарында жазаларын өтегендер, ату жазасына кесілгендер, шайқас алаңынан қашқандар (дезертир), алдыңғы шепте жау жағына өз еріктерімен өткендер (перебежчик) және соғыс жылдары Орал гарнизонындағы Одесса жаяу әскерлер училищесі мен Ворошиловград авиа мектебі, әскери бөлімдер құрамында істі болып, әскери трибунал үкімдерімен сотталғандар туралы біраз мәлімет жинадым.

Соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түскен батысқазақстандықтардан 3 адам Түркістан Ұлттық комитетінде, 4 адам «Алаш» отрядында, 300-ге жуық жерлесіміздің Түркістан легионында қызмет еткенін архив құжаттары арқылы анықтадық. Сонымен қатар тұтқынға түскендерден Орыс азат ету армиясы құрамында қызмет еткендер бар.

-Тұтқында болғандардың бәрі сотталған ба?

-Тұтқында болғандардың бәрі бірдей сотталды десек, күпірлік болар. Тұтқында босатылғандардан бір жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атағына ие болса, екі батысқазақстандық Ленин орденімен, 3 адам «Қызыл Ту» орденімен және он шақты жерлесіміз «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Мысалы, «Боздақтар» кітабының 3-томының 174-бетінде: «Шаповалов Иван Андреевич 1901 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі поселкесінде туған. Орыс. 1935 жылы Бөрлі аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған. Полковник. 1942 жылы шілдеде Кременчук қаласы түбінде шайқаста қаза тапқан» деп мәлімет жазылған. Шын мәнісінде 160-танк бригадасының командирі, полковник Иван Андреевич Шаповалов 1942 жылы 11 шілдеде ауыр жараланып, жау қолына тұтқынға түскен. 1945 жылы сәуірде тұтқыннан босатылған. Ол Ленин және екі рет «Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. 1985 жылы І дәрежелі Отан соғысы орденін алған.

Сол секілді 1995 жылы Орал қаласынан шыққан «Боздақтар» кітабы 2-томының 14-бетінде: «Маврин Георгий Дмитриевич, 1907 жылғы, Орал қалалық әскери комиссариатынан Қызыл Армия қатарына шақырылған, майор. 1943 жылы 25 мамырда хабарсыз кеткен», - деген мәлімет жазылған. Сұрапыл соғыс жылдары екінің бірінің әскери шені майор болмағаны айдан анық. Осы орайда бұл жерлесіміз туралы ізденіс жұмысымды бастаған едім. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі «Память народа» электрондық базадан Маврин Георгий Дмитриевич туралы қарап көрдім. Бір адамға қатысты бірнеше дерек көзіме оттай басылды.

Маврин Георгий Дмитриевич. Туған жылы: 1907. Туған жері: Орал қаласы. Ұлты: орыс. Әскери шені: майор. Лауазымы: 2-атқыштар дивизиясы, 200-атқыштар полкының командирі. 1938 жылдан ВКП (б) үміткер. Білімі: 6 сынып. 1935 жылы «Выстрел» әскери курсын, 1939 жылы әскери училише бітірген. 1925 жылдан Қызыл Армия қатарында. Келесі кездескен архив құжаттарына сенсек, Георгий Маврин соғыста хабарсыз кетпеген. Ол жау қолына тұтқынға түскен. Алайда кейін босатылған. Георгий Маврин тұтқыннан босатылғаннан кейін 1945 жылы 9 мамырда «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен және 1946 жылы 5 қарашада «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Георгий Дмитриевич 1985 жылы 6 сәуірде І дәрежелі Отан соғысы орденін иеленген. Бұдан ұққанымыз, ол 1985 жылы тірі болған болып тұр.

-Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде құрбан болған көптеген боздақтардың есімдерін анықтадыңыз, соған тоқталып өтсеңіз?

-Жалпы айтқанда, мен 2004 жылдан бері майданнан оралмаған боздақтар туралы мәлімет іздестіру жұмысымен айналысып жүрмін. Мысалы, соғыста қаза тапқан, хабарсыз кеткен не тұтқында қайтыс болған делінген Жәнібек ауданы бойынша 463, Орда ауданы бойынша 666, Жаңақала ауданы бойынша 237, Тасқала ауданы бойынша 49 адамның «Боздақтар» кітаптарына енбегенін анықтадым. Жоғарыда айтып өткендей, бұл жерде 1995-2000 жылдары жарық көрген «Боздақтар» кітаптарының 1-6 томдарына біздің өңірден енбей қалғандардың көптігі сол соғыстағы адам шығынын аз көрсету сияқты болады да тұрады, меніңше. Төрт ауданнан соғыстан оралмаған 1 415 адамның «Боздақтар» кітаптарына енбей қалуы соның айғағы деп нақты айта аламын.

Менің комиссиядағы жұмысым әуелі соғыс тұтқындарын анықтау болды. Сонымен қоса, РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен де батысқазақстандық соғыс тұтқындары жөнінде біраз мәлімет алдық. Соғыс жылдары Жаңақала ауданы бойынша 113 адам жау қолына түскен болса, 100 адамның тұтқында дәм-тұздары таусылған. Тұтқынға түскен жаңақалалық 13 жауынгердің кейінгі тағдыры белгісіз. 1999 жылы Орал қаласынан жарық көрген «Боздақтар» кітабының 3-томында майданда хабарсыз кеткен делінген жаңақалалық Жұмағазы Байқатов, Әбіш Бекболатов, Бесқали Дәубаев, Рахмет Досқалиев, Аққали Қарабеков, Арош Қарасаев, Қуан Қанатов, Ешмұқан Күмісқалиев, Ахметжан Сүлейменов, Лұқпан Хайруллин тұтқында қайтыс болса, Молдамұрат Бисенғалиев жау қолына түскенмен, оның кейінгі тағдыры белгісіз.

РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен «Обд-мемориал» және «Память народа» сайттары арқылы және 2000 жылы Орал қаласынан жарық көрген «Боздақтар» кітабының 6-томымен жұмыстанып, соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түскен Жәнібек ауданы бойынша 84 жауынгер туралы архив құжаттарын анықтадым. Аталмыш кітаптың 18-бетінде: «...жау тұтқынында қайтыс болғаны – 8 адам» делінген. Алайда аталған кітапта жау қолында тұтқында қайтыс болған төрт жауынгер туралы дерек жазылған. Жәнібектік 62 жерлесіміз тұтқында қайтыс болса, тұтқынға түскен 22 адамның кейінгі тағдыры белгісіз. Сонымен қатар, 2000 жылы Орал қаласынан жарық көрген «Боздақтар» кітабының 6-томында майданда хабарсыз кеткен делінген жәнібектік Құсайын Ақбалин, Ахмет Артығалиев, Қарес Атаев, Айтыс Бекбашов, Рахат Бисақов, Николай Никифорович Важинский, Ықлас Дәулетқалиев, Бает Жұмағалиев, Кәрім Зайтенов, Ефим Николаевич Корнеев, Сапар Молдағалиев, Әубекер Нұртаев, Дүйсен Сатанов, Қабдош Танәлиев, Яков Васильевич Тараканов, Елеусін Тәжікенов, Нәси Усағалиев, Мұқамбет Хайрошев, Ғаббас Ыбраев, Василий Иванович Чугунов тұтқынға түскен. Жау қолына түскен 20 боздақтан 13-і тұтқында қайтыс болған. Ал жетеуінің кейінгі тағдыры белгісіз. Осындай деректерді кез келген аудан бойынша тарқатып айтуға болады. Біріншіден, нақты деректерді алға тарта отырып, сұрапыл соғыстағы адам шығынын аз етіп көрсету саясаты тұрғанын байқадым. Екіншіден, 2007 жылы 8 мамырда РФ Қорғаныс министрінің №181 бұйрығымен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан сыр шертетін архив құжаттары құпиялылығын жойған соң бұрын құпия болып саналған көптеген құжаттармен жұмыстануға қол жеткіздік.

-Бұрын белгісіз болып келген құжаттар ғой?

-Иә, архив құжаттарын парақтаған сайын соғыс жылдары тұтқынға түскен Қызыл Армияның сардарлары мен жауынгерлеріне неміс-фашист басқыншылары арнайы картотека ашып, жүргізгенін білдік. Ол құжатта тұтқынның аты-жөнін, туған жылын, туған жерін, ұлтын, дінін, анасының қыз күніндегі тегін, азаматтық қызметін, әскери шені мен әскери қызмет орнын, тұтқынға түскен жерін және мерзімін, ерекше белгілерін, мекенжайы мен туысын, тұтқынға түскен кездегі жағдайын (жаралы немесе сау) жазған. Сонымен қоса тұтқынның 3х4 көлеміндегі суретін картотекаға жапсырып, оның бас бармақ таңбасын алған. Осы құжаттар арқылы бірнеше тұтқынның ұрпақтарын таптық. Оларға аталары мен әкелерінің жерленген жерлерін тауып бердік.
Мысалға алар болсақ, соғыс тұтқындарының лазаретіндегі дәрігерлер толтырған құжаттарды парақтап қарағанымда, көп жағдайда жауынгерлер тұтқынға ауыр жараланып түскен. Кезекші дәрігер толтырған актілердегі жазуларда «Ауыр жараланып, ес-түссіз жағдайда әкелінді. Өзі-өзіне келмей қайтыс болды. Өзімен бірге ешқандай құжат болмағандықтан, аты-жөнін анықтау мүмкін болмады» делінген. Соғыста хабарсыз кеткендер көп. Міне, солардың басым көпшілігі соғыста тұтқынға түсіп, жарақаттан ес жимай қайтыс болғандар болар деп ойлаймын.

Соғыс жылдары түрлі жағдайда жау қолына тұтқынға түсіп, соғыс тұтқындарына арналған неміс-фашист лагерьлеріндегі лазарет пен госпитальдерде науқастан қайтыс болған Қызыл Армияның әскери тұтқындарының РФ ҚМО архивінде сақталған құжаттарынан көп нәрсе байқауға болады. Қайтыс болған тұтқындарға кезекші дәрігерлер акт толтырып, госпиталь бастығына ұсынған. Сол актілердегі жазулар төмендегіше өрбиді. Концлагерьлерде әскери тұтқындар дененің жалпы шаршауы, өкпе ауруы, оқ жарақаты, сүзек, қан аурулары, жүрек талмасы, жүрек қызметінің төмендеуі, асқазан ауруы, іш ауру, үсік шалу, бүйректің қабынуы, әскери соғыс тұтқындарының лагерьлерінде метан газынан улану, госпитальде метан газынан улану, аппендицит, алиментарлы дистрофия, ісінумен бірге арықтау, азық-түліктің төмендеу процесі, қанның улануы, энтероколит, пневмония, анемия, дистрофия, гемоколит сынды аурулардан қайтыс болған. Әскери соғыс тұтқындарының лагерьлерінде метан газынан улану деген жерін кім қалай түсінер екен?

Тұтқынға түсіп, кейін босатылған батысқазақстандықтардың арасында ВКП (б), БЛКЖО (ВЛКСМ) мүшелері, танк бригадасының командирі, атқыштар полкының командирі, рота, взвод командирі, саяси жетекші болғандары бар. Бұл Кеңес дәуірінде бізді оқытқан тарихқа жаңаша қарау қажет дегенді білдіреді. Шыны керек, ол кезде соғыста тұтқынға түскен офицерлер, саяси жетекшілер мен коммунистерді бірден ату жазасына кесті деп оқып едік.

Сонымен қоса соғыс жылдары жау қолында тұтқында жүріп, үйлеріне хат жолдағандар болған. Алайда олардың тұтқыннан үйлеріне жазған хаттары РФ ҚМО архивінде сақтаулы. Аталмыш архивте 627 хат сақтаулы. 1946 жылы 5 қыркүйекте КСРО атқарушы комитеті Қызыл жарты ай және Қызыл Крест қоғамдық одағынан № 528/с шығыс хаты Қызыл Армияның шығындарды есепке алу басқармасының бастығы, генерал-майор Шавельскийге жолданған. Лагерьлерден жазылған хат жолданған мекенжайына жетпеген. Жау қолына тұтқынға түскендердің бәрін бірдей сатқын санап, оларға өзгеше қараған НКВД қызметкерлері бұл хаттарды сүзгіден өткізбеген болар деген ойдамын. Жоғарыда аталған архивте сақтаулы бес батысқазақстандық тұтқынның үйлеріне жазған хаттарының көшірмелерін алдым.

-Соғыс тұтқындарын ақтау бағытында не істелді?

-Бұл бағытта біздің өңір бойынша әскери трибунал үкімдерімен 1941-1952 жылдары сотталған 281 адамды 2022 жылы және 2023 жылы 504, барлығы 785 адамды ақтауға ұсындым. Ақтау жөнінде республикалық комиссия шешім қабылдайды деген ойдамын. Менің жұмысым – сол ақталмағандарды анықтап, ақтауға ұсыну. Бұл жерде тек қана соғыс тұтқындарын емес, оларға қоса шайқас алаңында айыптылар роталарында айыптарын өтей жүріп қаза тапқандарды да ақтауға ұсындым. Басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған неміс-фашист басқыншыларына винтовкамен қарсы тұра алмай, шегінген Қызыл Армияның жауынгерлерін айыптылар роталарына жөнелтті. Бұл жерде жауға қарсы дұрыс тактика қолдана алмаған және қорғаныс шебін дұрыс ұйымдастыра алмаған қолбасшылар кінәлі. Артық айтты демеңіз. Дәл солай. Мәселен, 1942 жылы қазан айында Дон майданында алдыңғы шепте 103 880 жауынгер қарусыз болғаны туралы жазылған құжатты РФ ҚМО архиві арқылы таптым. Ол жөнінде мерзімді басылымға мақала жаздым. Соғыс жылдары Қызыл Армия сапынан 78 генерал жау қолына тұтқынға түскен. Ал алдыңғы шепте хабар-ошарсыз кеткен генералдар қаншама? Қол бастаған оқалы генералдар тұтқынға түскенде, ауылдан әскерге барған бір ауыз орысшасы жоқ, оң мен солын танымаған 18-19 жастағы бозбаланың орыс тілінде командир тарапынан берілген бұйрықты дұрыс түсінбей, айыптылар роталарынан шығуы сол дәуірдегі сүрінгенді сойылмен соққандай ғой. Ал дезертирлер туралы әңгіме басқаша. Соғыс жылдары облысымыз бойынша әскерден жалтарған 49 адам туралы мәлімет табылды. Алайда олардың арасында да елге аман-есен оралып, 1985 жылы ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталғандары бар. Әлі күнге ақталмағандар қатарында тізімде жүрген 14 соғыс тұтқыны 1985 жылы ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Ол деректі архив құжаттары арқылы білдім. Ақталмаған соғыс тұтқындарының үкіметтік марапатқа Кеңес Одағы кезінде МҚК сүзгісінен қалай өтіп кеткені жұмбақ.

Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы әскери тұтқындар туралы көп айтуға болады. Мәселен, тұтқынға кім қалай түсті? Ал тұтқынға әр адам әр түрлі жағдайда түсті. Біреулер ауыр жараланып түсті. Біреулер қолында не қаруы, не оғы жоқ болып түсті. Ал енді басқалары сау бола тұра, қолында қару мен оқтары бола тұра екі қолын көтеріп, өздігінен берілді. Тұтқындарға арналған жеке картотекаларындағы жазуларға назар аударсақ, онда тұтқынға түсті, тұтқынға берілді, жауға қызмет етті деген сияқты жазуларды оқимыз. Тұтқынға түскен кездегі жауынгердің денсаулығы туралы да мәліметтер жазылған. Бір соғыс тұтқынының жазбасынан оқығаным бар. Ол қызмет еткен атқыштар батальонының жеке құрамына алдыңғы шепте қару беріледі деп оларды қарусыз жолдаған. Содан ентелеп алға шабуылдап келе жатқан әрі мұздай қаруланған дұшпанның негізгі күшіне қарсы тұрған Қызыл Армияның бір батальоны қарусыз қоршауға түскен. Осы сәтте батальон командирі кім қалай болса, солай құтылсын деген. Ол жазу бар құжатта. Бір батальонда бес рота болады десек, бір ротада төрт взвод, бір взводта 30 адам болады. Қалғанын есептей беріңіз. Шамамен айтар болсақ, 600-дей адам. 600 адам. 600 тағдыр. Олардың әскери соғыс тұтқындарының лагерьлеріндегі ауыр тағдырлары туралы аштық пен суық, ауыр жұмыстар, тағы басқалары бар. Алайда олар тұтқыннан босатылған соң Кеңес түрмелерінде жазаларын өтеді. Бұдан кейін соғыс жылдары тұтқынға түскеннің бәрін бірдей сатқын деп айта алмаймыз. Бәріне уақыт төреші. Біздің мақсатымыз – сол соғыста ауыр жараланып, ес-түссіз жағдайда жау қолына тұтқынға түскен қилы тағдыр иелеріне араша түсу.

-Алдағы уақытта қандай мәселелерге көңіл бөлу керек деп ойлайсыз?

-Жұмысымыз жалғасын тапса, жақсы. Осы бағытта әлі де зерттеу жұмыстарын атқару керек. Мәселен, БҚО полиция департаменті архивінен алынған 2 922 соғыс тұтқыны туралы мәлімет толық зерттелген жоқ. Себебі олар туралы мәлімет қысқаша жазылған. Тұтқынға түскендігі жөнінде мәлімет қамтылғанмен, олардың кейін босатылғандығы немесе тұтқында қайтыс болғандығы жайында толық дерек жоқ. Осы бағытта жұмыстану қажет. РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі құжаттармен салыстырып шығу керек деген ойдамын. Негізі бірен-саран болса да, әлі арамызда Кеңес Одағы тұсында коммунистік идеологиямен сусындағандар бар. Шыны керек, солар соғыс тұтқындарын толық ақтауға қарсы. Әлеуметтік желілерде соғыс тұтқындарына қатысты алуан пікірлер жазылуда. Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл өтті. Егеменді елміз. Еңсемізді көтеріп, еркін жүрміз. Ендеше, келмеске кеткен Кеңес Одағының заңымен 10-25 жылға сотталған соғыс тұтқындарын түгелімен ақтау қажет. Соғыс тұтқындарының ұрпақтары аталары мен әкелерінің ақталғанын қалайды.

Соғыс тұтқындарының ұрпақтарымен сөйлесіп жүрмін. Өкінішке қарай, кейбіреулері мүлдем сөйлескілері келмейді. Олар «Қайтесіз өткенді қозғап», - деп қарсылық білдіреді. Оларды да түсінуге болады. Менің байқағаным, соғыс тұтқындарының ұрпақтарында әлі қорқыныш бар. Неге? Тәуелсіз елміз. Кімнен қорқамыз? Түсінбеймін. Алайда соғыс тұтқындарына деген көзқарас түрлі-түрлі. Оларды даттайтындар да, жақтайтындар да жеткілікті.

Тағы бір айтайын дегенім, соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түсіп, кейін тұтқыннан қашып шығып, шетел қарсыласу қозғалыстарына қатысқан 35 батысқазақстандықты анықтадым. Олар Албания, Бельгия, Италия, Франция, Югославия (Черногория, Словения) елдерінде қолдарына қару алып, неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғысқан. Бірқатарының ұрпақтарын таптым. Әлі де осы тақырып аясында жұмыстанғым келеді.

Осы тақырып аясында архив құжаттарын орыс тілінен қазақ тіліне аударуға көмектесіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмысында қолдау білдірген ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы, әскери тарих мамандығы бойынша философия докторы, полковник Амангүл Алдабергеноваға, БҚО білім басқармасы «Бөрлі колледжі» МКҚК директорының орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің зерттеуші оқытушысы Нұргүл Лұқбановаға, осы колледждің арнайы пәндер оқытушысы Әйгерім Өтегеноваға, Жәнібек ауданы Т.Жароков атындағы, Ғ.Қараш атындағы және Ұзынкөл орта мектебі тарих пәнінің мұғалімдері Жасқайрат Каргин, Гүлжанат Ташетова, Гүлнәр Бапаховаға және БҚО мемлекеттік архиві Жалпақтал филиалының директоры Миржан Қарабалинге алғысым шексіз. Олар болмағанда, жалғыз өзім осындай ауқымды жұмысты атқара алмас едім.

-Әңгімеңізге рахмет. Алдағы қызметіңізге табыс тілеймін.

Соңғы жаңалықтар