Экология департаменті мұржасынан ақау шыққан Екібастұз электр стансасын тексеріп жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облыстық экология департаменті Болат Нұржанов атындағы Екібастұз № 1 мемлекеттік аймақтық электр стансасын тексеріп жатқанын мәлімдеді. Жақында кәсіпорын мұржасынан ақау шығып, № 3 энергия блогы уақытша тоқтатылған еді.

Өңірлік экология департаменті тексеруге мемлекеттік аймақтық электр стансасында шаң-тозаң бұрқырап, № 3 энергия блогының кенеттен тоқтағаны себеп болғанын хабарлады.
— Екібастұз МАЭС-1 стансасында түтін мұржасының оқпанындағы қарау люктерінен түтін газдарының қысқа мерзімге шығуы байқалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның себептерін анықтау үшін объектіге тексеру жүргізіліп жатыр. Осы факті бойынша ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС қатысты тексеруді тіркеді. Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау және зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің қызметкерлері тексеру іс-шаралары мен зертханалық зерттеулер жүргізу үшін оқиға орнына барды. Қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатын болады, — деп хабарлады департаменттен.
Еске сала кетейік, Екібастұз № 1 МАЭС стансасында бір энергия блогы кенеттен жұмысын тоқтатты.
Екібастұз электр стансасындағы апатқа байланысты министрлік түсініктеме берді.
Бүгінде аталған кәсіпорын елдегі электр энергиясының 20 пайызын беріп отыр.