ЭКОЛОГИЯ: Іле-Алатау ұлттық саябағында құстарға 100-ден астам үйшік жасалды

«Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу Басқармасы «Жас табиғат зерттеушілері стансасы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі және Іле-Алатау ұлттық саябағы басшылығымен бірлесе отырып, ертең - 1 сәуір күні саябақ аумағындағы Ақсай шатқалында Халықаралық құстар күніне орай «Қанатты достарды қарсы алу» мерекесін атап өтеді», - делінген хабарламада.
Шара аясында құстар жайында қызықты байқаулар өткізіледі. Онда жеңіске жету үшін құстарды сипаттамасы бойынша тану, криптограмманы оқу, құстарды бейнелеу секілді тапсырмаларды орындау қажет.
Бірақ, ең бастысы жас табиғат зерттеушілер, яғни табиғатқа етене жақын мектеп оқушылары бұл күні ағаштарға құстарға арналған жасанды үйшіктер орналастыратын болады.
Бұған саябақтың қызметкерлері жан-жақты көмек көрсетеді. Жас табиғат зерттеушілері бұл ұяшықтарды алдын ала дайындап қойған. Шара соңында байқау жеңімпаздары естелік сыйлықтармен марапатталады.
Айта кетелік, 1906 жылғы 1 сәуірде құстарды қорғау бойынша Халықаралық конвенцияға қол қойылған. Содан бері бүкіл әлемде жыл сайын 1 сәуірде Халықаралық құстар күні атап өтіледі.