Экология кодексі қалдық өңдеу ережелері тұрғысынан қайта жазылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, палатаның Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қалдық өңдеу саласындағы ішкі ережелерінің сапасын сынады.

- Ережеге қайта өңдеу пайызын көрсетіп қойғансыздар. Ол пайыздар «Жасыл экономика» тұжырымдамасынан алынған. Ол жерде коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу 40 пайыз деп көрсетілген. Енді қараңыз, коммуналдық қалдықтардың таңбасы әр түрлі. Металл, қағаз-картон, әйнек, пластик, көлік шинасы деп кете береді. Негізі шина өндірістік қалдық болу керек еді. Бүкіл әлемде солай, ал сіздерде коммуналдық қалдық деп жазылған, - деген депутат ведомство жұмысында пайдаланатын тұжырымдамаларды оқушының рефератына теңеді.
- Ағаш қалдықтар, тамақ қалдықтары, электроника мен текстиль қалдықтары бар. Лампа, батареялар сияқты қауіпті қалдықтар да бар. Әлемде бұл қалдықтарды өңдеудің деңгейі әрқалай. Мысалы, металл қалдықтарын өңдеу деңгейі әлемде орта есеппен 70 пайыз. Картон 60-75 пайыз, әйнек 50-75 пайыз, пластик 10-35 пайыз, шина 40-60 пайыз, ағаш 20-40 пайыз, тамақ қалдықтары 30 пайызға дейін, электроника 20-25 пайыз, тоқыма 10-20 пайыз, өңделеді. Дамыған елдер қауіпті қалдықтарды 30-60 пайызға дейін өңдейді. Ал сіздер бәріне ортақ 40 пайызды белгілей салғансыздар. Киім-кешекті қайта өңдеп жатыр дегенге кім сенеді? Өртеп жібереді. Соған қарамай 40 пайыз деп жоғары меже қойғансыздар. Бәріне бірдей талап қойып отырсыздар. Қалдықтың сипатына қарап саралау деген жоқ, - деді Еділ Жаңбыршин.
Мәжіліс депутаты «Жасыл даму» компаниясының өкілдері мен министрлік мамандары бұған дейін айтылған сындардан еш нәтиже шығармағанын айтады.
- Бұған дейін осындай сын айтқанбыз, орындамай отырсыздар. Астанадағы қалдықтардың 40 пайызы – тамақ қалдықтары. Полигонға барып, сонда жұмыс істейтін жолдастармен сөйлестім. Олар 45 пайыз қалдық тамақтан шығады деп отыр. Одан кейін сұрыптау, қайта өңдеу, кәдеге жарату деген ұғымдар бар. Ал сіздердің ережелеріңізде ондай ештеңе жоқ.
Сіздерге мұның бәрін айтқанбыз. Түзеуге уәде бергенсіздер. Ештеңе істелмеген, Түйеқұс сияқты тұйықталып алғансыздар. Заңға ілеспе актілер деңгейінде саланы реттей алмасаңыздар, біз мұны заң деңгейінде жасаймыз. Экологиялық кодекске түзету енгізіп, бәрін жазып қоямыз, - деді ол.
Сондай-ақ, ол министрлік пен «Жасы даму» өкілдерін Президент тапсырмаларына саботаж жасап отыр деп айыптады.
- Импорттаушылар мен өндірушілердің тапсыратын есептерін қабылдамайды екенсіздер. «Жасыл дамуға» бересіздер, олар бір техникалық қорытындысын береді, сол қорытынды негізінде есептерді қабылдамайсыздар. Ал адамдар зауыт сатып алып, қайта өңдеп жатыр ғой. Есепті қабылдамау арқылы утиль алымнан босатпай отырсыздар. Сіздер толығымен Мемлекет басшысының, Мәжілістегі бейінді комитеттің, депутаттардың тапсырмасына саботаж жасап отырсыздар. Адамдар өз ақшасына сатып алды ол зауыттарды. Сіздердің «Жасыл дамудан» бөлген 3 пайыздық ақшалыңызға алған жоқ. Ал сіздер дөңгелеп тұрған өндірістің дөңгелегіне таяқ тығын әлексіздер, - деді Еділ Жаңбыршин.
Бұған дейін депутаттар қоқыс өңдеу нарығына Қытай инвесторлары заңсыз жолмен кірмекші деп алаңдап отырғанын жазған едік.