Экология министрі ОҚО-да Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшудегі мақсатымен таныстырды

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келді.
None
None

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Күннің бірінші жартысында Н.Қаппаров Қазақстанның «жасыл» экономикаға өту тақырыбында жиналыс өткізді. Оған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов, жергілікті атқарушы органдардың, аймақтық экология департаментінің басшылары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Н.Қаппаров министрліктің алдағы уақытта атқаратын негізгі міндеттері туралы баяндады. Ол «жасыл» экономиканың халықты тұрмыстық жоғары деңгейге табиғи ресурстарға жасалатын салмақты азайту, инфрақұрылымды қайта жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, қоршаған орта жағдайын жақсарту, ұлттық қауіпсіздік үшін қауіпті болдырмау және экспорттық шикізаттық ресурстар бағасының тұрақсыздығынан тәуелсіздікті қамтамасыз ету арқылы жеткізетін мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының тиімді моделі екендігін атап өтті.

Қоршаған ортаны қорғау министрі отырысқа қатысушаларға Қазақстанның «жасыл» экономикаға өту стратегиясының дайындалу барысы, сондай-ақ «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын жүзеге асыру және «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің өткізілуіне байланысты «жасыл» технологиялар мен инвестицияларды тарту мүмкіндіктері туралы хабарлады.

Сонымен қатар Н.Қаппаров ведомствоға жаңа функциялар мен уәкілеттіктердің берілуіне орай, министрлік табиғатты қорғау шараларын күшейте түсетіндігін жеткізді. Ол табиғи байлақтарды қорғау және олардың тиімді пайдалануын бақылау, су ресурстарын басқару, балық, орман, аңшылық шаруашылықтары мен жаңартылатын қуат көздері саласын дамыту, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату ісін басқарудағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып-жүргізу міндеттерін салалық стратегиялық даму жоспарына енгізетіндігін мәлімдеді.

ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Қаппаров Оңтүстік Қазақстан облысына сапары барысында сондай-ақ Шымкенттегі қорғасын зауытында, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсаттарына 1 миллиард теңге бөлініп отырған тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында және қаладағы цемент зауытында болып, аталған нысандардағы өндірістің жағдайымен, кәсіпорындардың табиғатты қорғау бағытында жүргізіп жатқан іс-шараларымен, олардың техникалық жабдықталу деңгейімен, өндірістердегі ресурстарды үнемдеу барысымен танысып қайтты.

Соңғы жаңалықтар