Экология заңнамасын бұзғандарға 32 млрд теңге айыппұл салынды – Серік Шәпкенов

АСТАНА. KAZINFORM – Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қоршаған ортаны қорғау шараларына тоқталып, өңірдің қазіргі экологиялық жағдайы туралы айтты.

Серік Шәпкенов
Фото: ortcom

— Биыл облыстық экология департаменті өңірдегі экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында 27 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 149 әкімшілік іс қозғалды. Экологиялық заңнаманы бұзғандарға 32 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Ауаға тарайтын газ, басқа да зиянды қалдықтар мөлшерін азайту мақсатында аймақта орманды көбейту мен елді мекендерді көгалдандырудың нақты жоспары бекітілді, — деді Серік Шәпкенов облыстың биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.

Әкім ұсынған статистикаға сүйенсек, биыл орман алқабына 965,7 мың көшет отырғызылды. Сондай-ақ қала және елді мекендер ішінде 52,3 га жерге 78,9 мың тал егілді.

— Аймақта ауаға шығарылатын эмиссия көлемі де азайып келеді. Жылына 150 мың тонна қоқыс сұрыптайтын кешен іске қосылды. Одан сұрыпталған картон қағазды қайта өңдейтін цех жұмысын бастады, — деп толықтырды өңір басшысы.

Айта кетсек, республикалық жалпы ішкі өнімнің 12,7 пайызы Атырау облысының үлесінде. 

Бұған дейін Атырау облысында аудан және ауылға барып жұмыс істейтін дәрігер мамандарға бір реттік қаржылай көмек көрсетілетінін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар