19:52, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Экологияға 1,5 миллиард теңге бөлінді
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге алдағы екі жылға 1,5 миллиардқа жуық теңге бөлініп отыр.
ҚазАқпаратқа бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады. Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары кезекті сессияда 2009-2011 жылдарға арналған аймақтық экологиялық бағдарламаны бекітіп, осындай шешім қабылдады.Аясында бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отырған бұл бағдарламаның мақсаты ? қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендету және аймақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Оның ішінде, Таразда сарқынды суды биологиялық тазарту кешенін салу жобасы да бар. Сондай-ақ облыстың жекелеген аудандарында мал өлекселерін көметін арнайы орындар салу, елді мекендерді абаттандыру, құм көшкініне тосқауыл болатын орман-тоғайларды қалпына келтіру, Мойынқұм ауданындағы кеніштердің радиациялық қалпын төмендету жоспарланып отыр.