Экологиялық мәселелерді шешуде ҮЕҰ рөлі күшейе ме

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада қоршаған ортаны қорғауда азаматтық қоғам ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты күшейтуге бағытталған дөңгелек үстел өтті.

Дәулет Есмағамбетов
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Еуропалық Одақ қаржыландыратын «ЭкоДиалог» жобасы аясында ұйымдастырылған жиында үкіметтік емес ұйым өкілдері бірқатар ұсынысын жеткізді. Олардың сөзінше, үкіметтік емес ұйымдар халықпен тығыз жұмыс істегендіктен, экологиялық мәселелерді егжей-тегжейлі біледі. Сондықтан дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам ұйымдары арасында өзара әріптестіктің нақты жоспары болуы керектігін жеткізді.

Ал экология саласына жауапты министрліктен келген мамандар бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеді.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов аталған тақырыпта баяндама жасады. Оның айтуынша, азаматтардың экологиялық құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру және жұртшылықтың шешім қабылдау процесіне қатысуын қамтамасыз ету — экологиялық саясаттың маңызды бағыттары.

— Өздеріңізге белгілі, Қазақстан 2000 жылы қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша ақпаратқа қол жеткізуді және шешім қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған Орхус конвенциясын ратификациялады. Содан бері экологиялық заңнама осы бағытта жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. Бұл ретте мәселе жұртшылықтың қатысу аясын кеңейтумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар оны шешім қабылдаудың ең бастапқы кезеңдерінен бастап процеске тарту үшін қажетті мүмкіндіктерді қалыптастыруға да басымдық беріледі. Осылайша, Қазақстанда жұртшылықтың қатысуы аумақты дамытудың ұзақ мерзімді бағыттарын айқындаудан бастап, нақты жобаны қарау және оған рұқсат беру кезеңіне дейінгі бірнеше саты бойынша жүзеге асырылады, — деп түсіндірді маман.

Экологиялық шешімдерге бұқараның атсалысу кезеңдері

Дәулет Есмағамбетовтың айтуынша, экологиялық түйткілдерді шешуге көпшілік үш саты бойынша атсалыса алады.

Біріншісі — аумақты дамытуды жоспарлау. Бұл кезеңде стратегиялық экологиялық бағалау жүргізіледі. Ол мемлекеттік жоспарлау және аумақтық даму құжаттарын, оның ішінде елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу кезінде іске асады. Мысалы, бір ауданға зауыт салу жоспарланды делік. Кәсіпорынның құрылысы басталғанға дейін-ақ, тұрғындар қабылданатын шешімдерге ықпал ете алады. Атап айтқанда, құрылыс үшін орман-тоғайларды отауға жол бермеу; зауытты тұрғын үйлерге жақын жерге салдырмау; кәсіпорыннан шығатын қалдықтарды жинап, төгетін аумақтарды не өңдейтін орынды алдын-ала қамтамасыз ету; жерасты суларын ластанудан қорғау — тәрізді мәселелер бойынша тұрғындар пікір білдіре алады.

— Екінші кезең — жоспарланып отырған қызмет. Нақты жоба пайда болған кезде процесс жоспарланып отырған қызмет туралы өтініштен басталады. Бастамашы өтінішті уәкілетті органға береді, ал орган оны өз интернет-ресурсында ескертулер мен ұсыныстарды қабылдау туралы хабарламамен бірге орналастырады. Осылайша, жұртшылық жоба туралы ақпаратты өтініш беру кезеңінің өзінде, яғни жобалық құжаттама әзірленгенге дейін алады, — деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры.

Ал үшіншісі — қоршаған ортаға әсерді бағалау және экологиялық рұқсат беру кезеңі. Скрининг нәтижелері бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау қажет деп танылған жағдайда, ықтимал экологиялық әсерлер туралы есеп әзірленеді. Есеп жобасы міндетті түрде қоғамдық тыңдау кезінде көпшілікке жарияланады. Мұндай жиындар уәкілетті органның есеп сапасын бағалауы басталғанға дейін немесе оны бағалау барысында өткізіледі.

Азаматтар мәселеге қатысты ескертулерін, ұсыныстарын жазбаша немесе электрондық нысанда тыңдау басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей жолдай алады. Сондай-ақ, олар қоғамдық тыңдау барысында ауызша пікір білдіруге де құқылы.

Ескертулер мен ұсыныстар бастамашының оларға берген жауаптарымен бірге хаттамаға енгізіледі. Егер ескертулер бойынша келісімге қол жеткізілмесе, есеп пысықталып, қоғамдық тыңдау қайта өткізіледі. Тараптар сонда да бір мәмілеге келе алмаса, мәселе сараптамалық комиссияның қарауына беріледі.

— Экологиялық рұқсат беру туралы шешім экологиялық бағалау нәтижелері бойынша қабылданады. Бұл кезеңде де қоғамдық тыңдаулар өткізіледі, — деді маман.

Қоғамдық тыңдау негізсіз қысымға айналмауы тиіс

Дәулет Есмағамбетов тағы бір түйткілді атап өтті. Оның сөзінше, соңғы жылдарда қоғамдық тыңдау үдерісін кей кісілер экологиялық мәселелерді шешуге емес, жеке мүддесі үшін пайдалануға талпынады. Атап айтқанда, жобаға қатысы жоқ, негізсіз ескертулер айтылып, бастамашыға қысым көрсету мақсатында ескертуді әдейі кері қайтарып алмау жағдайлары кездеседі. Кейде мұндай әрекеттерді бәсекелестер ұйымдастыруы да мүмкін.

Соның салдарынан қоғамдық тыңдаулар экологиялық құқықтарды қорғау құралы болудың орнына, жобалар созбалаңға салынып жатады.

— Бұл ретте азаматтардың шешім қабылдауға қатысу құқығы мен осы құқықты теріс пайдалануға жол бермеу арасында теңгерім орнату маңызды. Қоғамдық тыңдаулар экологиялық мүдделерді қорғау тетігі ретінде сақталып, қысым көрсету құралына айналмауға тиіс. Осы мақсатта ескертулердің маңыздылығы мен негізділігін бағалау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ талқыланатын мәселелердің шегін нақты айқындау қажет. Сонымен қатар, қоғамдық тыңдаулардың басым бөлігі сындарлы жағдайда өтетінін атап өткен жөн. Азаматтар негізделген ескертулерін білдіреді, жоба бастамашылары оларды құжаттамада ескереді, ал талқылау нәтижелері неғұрлым салмақты әрі негізделген шешімдер қабылдауға негіз болады, — деді маман.

Оның сөзінше, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы мұндай ашық диалог сапалы әрі өміршең шешімдер қабылдауға септігін тигізеді. Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі жұртшылықтың шешім қабылдауға қатысу тетіктерін одан әрі жүйелі түрде дамытуды жалғастыра бермек.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ұлыбритания компаниялары мен қаржы институттарын экологиялық жобаларға тартатынын жазғанбыз.