Экологиялық сана өмір бойы қалыптасады - Рауан Кенжеханұлы
«Экология - мектеп пәнімен ғана шектелмейтін ауқымды тақырып. Экологиялық білім беруге қатысты алғашқы мәселе 1977 жылы Тбилисиде өткен конференцияда талқыланған. Осы конференцияда да «бұл білім беру ме, әлде экологияға қатысты сана қалыптастыру ма?» деген мәселе төңірегінде әңгіме қозғалды. Содан бері келе жатқан тәжірибе бұл - білім беру ғана емес, қоғамда экологиялық сана қалыптастыру мақсатын ұстанған қозғалысқа айналып келе жатыр», - дейді WikiBilim негізін қалаушы, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Рауан Кенжеханұлы.
Ол экологиялық сана неден қалыптасатыны туралы айтты.
«Біріншіден, қоршаған орта туралы білім керек. Экологиялық білім бір емес, барлық пән аясында берілуі керек. Екіншіден, алған білім негізінде табиғатқа, қоршаған ортаға деген көзқарас қалыптасады. Осының негізінде қоршаған ортамен қарым-қатынас түзуге арналған дағдылар қалыптасады. Осылардың негізінде белсенді әрекетке дайындық қалыптасады. Қоршаған ортаны қорғау - бала кезден өмірдің соңына дейін белсенді әрекеттерді талап етеді», - дейді ол.
Оның айтуынша, экологиялық сана өмір бойы қалыптасатын дүние.
«Өмір бойы оқитын болсақ, ол мектептегі жекелей пән емес, бізді қоршаған барлық ақпарат. Ол - балалар әдебиеті, мультфильм, фильм, жарнама және медиа саласындағы жұмыстар. Бұл үлкен ғаламдық қозғалыс болғаннан кейін біз халықаралық ұйымдардың осы салада жинаған тәжірибесін зерттеп, қараймыз. Бұл қозғалыстың әлем бойынша қағидасы - ғаламдық деңгейде ойла, бірақ аймақтық деңгейде әрекет ет. Яғни, бала мұздықтардың еруі мәселесі туралы ойласа, ол Антрактидадағы мұздықтарды емес, Алатаудың мұздығы туралы ойлауы керек. Ал шөлейт жерлер туралы ойлағанда Африканың шөлі емес, Маңғыстаудың шөлі мен оны шешу мәселелері туралы ойлауы керек. Бұл өте маңызды», - дейді Рауан Кенжеханұлы.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізуді тапсырған болатын.