Экологиясы нашар Атырау облысында жасыл желек қашан көбейеді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Еліміздегі атмосфералық ауасы нашар облыстың бірі — Атырау. Шаңды дауыл жиі басатын өңірде жасыл желек тамыр жаймай тұр.

Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, әкімдік пен ірі мұнай-газ компаниялары арасында меморандум жасалған.
Мақсат — кәсіпорындарды қоршаған ортаға залалды өтеу, жасыл желек отырғызуға тарту.
— Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 2022 жылғы 11 қаңтарда бекітілген қағида бар. Осы қағиданың 50-тармағында «Санитариялық-қорғаныш аймағының алаңын көгалдандырудың көрсетілген үлес салмағын орындауға мүмкіндік болмаса (объектілермен тығыз құрылыс салу кезінде, сондай-ақ объекті елді мекендерден алыс шөл және шөлейт жерлерде орналасқан кезде) санитариялық-қорғаныш аймағы жобасында міндетті түрде негіздей отырып, құрылыс салудан бос аумақтар мен жақын елді мекендердің аумақтарын жергілікті атқарушы органдары келісімі бойынша көгалдандыруға жол беріледі» делінген, — дейді Руслан Жұмағазиев.

Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, меморандумға сәйкес көгалдандыру жұмыстары 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге жоспарланған.
Ал 2023 жылы Атырау облысы әкімдігі мен «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ арасында 3 жыл ішінде Атырау қаласының аумағына 10 мың дана көшет егу жөнінде меморандум және бар.
— Атырау қаласының маңындағы Талқайраң ауылы аумағынан бөлінген 20 гектар жерді 2024 жылғы көктем айында су басып кетті. Осыған байланысты меморандум аясында 5 мың көшетті зауыттың санитариялық-қорғаныш аймағындағы үш аумаққа — 32,9, 17,7 және 5 гектар жерге отырғызылды. Енді тағы 5 мың талды биыл күз айында отырғызу жоспарланған, - деп мәлімет берді аталған басқармадан.

Меморандум аясында 2021-2024 жылдары 318,2 гектар жерге 303,5 мың дана көшет отырғызылған.
Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС 647 гектар жерді көгалдандыруды көздеген. Алайда, аталған компания осы кезге дейін 19,7 гектар аумаққа 11,8 мың дана көшет еккен.
Жоспарланған жұмыстың орындалғаны — 3%.
Ал, NCOC (North Caspian Operating Company N.V) компаниясына көшет егу үшін 308 гектар бөлінген. Бұл компания 248 гектарға 248 мың көшет отырғызып, жоспарын 80,5% орындаған.
Жұтар ауаның жұпар болуына ықпал ететін көшет егу ісіне мұнай-газ өнеркәсібіндегі отандық компаниялар да тартылған.
Бірақ, олардың тарапынан бөлінген аумақты көгалдандыру көрсеткіші мардымсыз.

— «Ембімұнайгаз» АҚ 241,3 гектар жерді көгалдандыруды жоспарлады. Осы кезге дейін 45,5 гектар жерге 38,7 мың көшет екті. Жоспарланған жұмысты орындау көрсеткіші — 18,8%. «АМӨЗ» ЖШС 860 гектар аумақты жасыл желекке бөлеуді жоспарлап, 5 гектарға 5 мың дана көшет отырғызды. Жоспары 0,5% орындалды, — деп мәлім етті басқармадан.
Дегенмен, «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Қайыршақты ауыл округіндегі Талқайраң елді мекені мен Мақат ауданының Доссор кенті аумағында 45,5 гектарға 38,7 мың көшет еккен.
Алайда, 2024 жылғы көктемде көшеттерді тасқын су басып, шығымдылығын жоғалтқан.

— Осыған байланысты 2024 жылдың 16 қазанында 2024-2030 жылдарға арналған меморандумға толықтырулар енгізілді. Меморандумға сәйкес көгалдандыру жұмыстары Атырау қаласында 90 гектар, Жылыой, Мақат, Исатай және Қызылқоға аудандарында қосымша 20 гектарда атқарылатыны қарастырылды. Меморандумның талабын орындау аясында 2024 жылғы қазан-қараша айларында Доссор кентінде 1,1 мың көшет отырғызылды, - дейді Руслан Жұмағазиев.
Ал басқарманың мәліметіне сүйенсек, биыл бұл жұмысты жалғастыру көзделген. Жыл соңына дейін 17 гектарға көшет егу қарастырылған.
— Қазір Атырау қаласының учаскесіне 5 га жерге 4,5 мың тал отырғызылды. Ал Исатай, Мақат, Қызылқоға және Жылыой аудандарынан бөлінген 12 гектарды дайындау жұмысы жүргізіліп жатыр. Күз айларында бұл аудандарда 9 мың дана жасыл көшет отырғызу жоспарланды. Ал North Caspian Operating Company компаниясы 60 гектар жерге 60 мың, «Теңізшевройл» ЖШС 52,7 гектарға 42 мың тал отырғызуды жоспарлап отыр, — деп мәлім етті басқармадан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Қазақстанда орман-климаттық жағдайды жақсартуға бағытталған жоба іске қосылғаны хабарланған болатын.