Экологтар теңіз бетіндегі май қалдықтарына қатысты тексеріс қорытындысын жариялады
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары Ақтауда теңізге қоқыс пен май төгілді деген ақпаратқа қатысты жедел тексеру жұмыстарын жүргізді.

– Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары 12 шілде күні әлеуметтік желіде таралған Ақтау қаласы 15 шағынауданындағы теңіз жағасының ластануына байланысты ақпараттың анық-қанығын тексерді. Шолу жұмыстары барысында теңіз жағасынан ешқандай ластанған аймақ анықталмады, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Ақтау тұрғындарының жағалау аймағының жағдайына алаңдап, экологиялық ахуалдың нашарлауына назар аударуға шақырған видеосы жарияланған болатын. Онда теңіз бетінің ластанғаны анық көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, 15-шағын аудан маңында теңіз суының бетінде майлы дақтар мен қалқып жүрген қоқыс байқалған.
Сонымен қатар тәуелсіз эколог Каспийдегі мұнай компанияларын жаппай тексеруді ұсынғанын жазған едік.