Экономика министрлігі әкімдіктердің бюджеттерін қысқартып, босаған қаржыны экономиканың нақты секторын қолдауға бағыттауды ұсынуда

АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп басымды емес шығындарды оңтайландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
None
None
Босатылған қаржы экономиканың нақты секторын қолдауға және халықты жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған шараларға жұмсалады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде аталмыш министрліктің вице-министрі Марат Құсайынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. М. Құсайыновтың айтуынша, тұтастай алғанда министрліктің есеп-қисабы бойынша жергілікті бюджеттердің 40 млрд. теңгеге дейінгі сомадағы шығындарын қайтадан бөлуге болады. Оның ішінде ағымдағы бюджет бойынша материалдық-техникалық жабдықтауға, мемлекеттік органдардың ғимараттарын күрделі жөндеуге, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға арналған шығындарды түгелімен, ал іс-сапарларға арналған шығындарды 50 пайызға дейін, сондай-ақ мемлекет қайраткерлерін еске алуға, спорт шаралары мен ақпараттық саясатты өткізуге арналған шығындарды 40-50 пайызға дейін қысқартуға болады. Сондай-ақ қала салуды дамыту схемаларын және елді мекендердің бас жоспарын әзірлеуге, инвестициялық жобалардың техникалық экономикалық негіздемелерін жасауға арналған шығындарды түгелімен қысқартуға болады. «Ағымдағы бюджет бойынша шығындарды шамамен 17 млрд. теңгеге дейін қысқартуға болады», деді М. Құсайынов. «Даму бюджеті бойынша басымды емес бағыттардағы нысандардың құрылысына арналған шығындарды толық қысқарту ұсынылып отыр. Бұлар мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттарына, туризм және, спорт нысандарына, сметалы құжаттардың жобасын әзірлеуге, мемлекетік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға, заңды тұлғаларды жарғылық капиталын қалыптастыруға арналған шығындар. Жалпы бұл республика бойынша жергілікті бюджеттердің 7 млрд. теңгесі. «Тұтастай алғанда даму бюджеті бойынша 24 млрд. теңгеге дейінгі шығындарды қысқартып, қайта бағыттауға болады», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік қолдауға арналған қаржыдан басқа, босатылған қаржыны білім беру және денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуге, жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге, коммуналдық секторды жаңартуға және инженерлік желілерін жөндеуге, қоғамдық жұмыстар ұйымдары арқылы елді мекендерді көгалдандыруға жұмсау ұсынылып отры. Бұлардың барлығы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін шаралар. «Бүгінгі күннің соңына дейін әкімдіктер министрлікке басымды емес шығындарды оңтайландыру және оларды қайтадан бағыттау жөніндегі өздерінің түпкілікті ұсыныстарын берулері тиіс. Хаттамаға сәйкес наурыздың 5-інде министрлік Үкіметке жиынтық ұсынысты енгізетін болады. Үкімет мақұлдағаннан кейін әкімдіктер қысқа мерзім ішінде өздерінің бюджеттерін нақтылаулары тиіс», - деді М. Құсайынов.
Соңғы жаңалықтар