20:21, 14 Қаңтар 2009 | GMT +5
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Халықаралық валюта қорының миссиясымен кездесті
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат – Бүгін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов Халықаралық валюта қорының миссиясымен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Министр миссия өкілдеріне Қазақстандағы ағымдағы макроэкономикалық және қаржы жағдайы туралы әңгімеледі, оларды Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарларымен, соның ішінде экономиканың әртүрлі секторларын қолдау, қаржыландыру көздерімен таныстырды. «Дер кезінде қабылданған дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде әлемдік экономикалық дағдарыстың Қазақстан экономикасына келеңсіз әсерін жұмсарту мүмкін болды. Жалпы ішкі өнімнің өсім көрсеткіштері төмендеуі үрдісіне қарамастан, тұтастай алғанда отандық экономика рецессиясына жол берілген жоқ, алдын ала бағалау бойынша өткен жылғы ішкі жалпы өнімнің өсуі 3 пайыздан асатын болады», - деді Б.Сұлтанов. Кездесуде Қазақстанның сыртқы қарыздарын қайта құрылымдау жөнінде қолға алып отырған шаралары, сондай-ақ Үкіметтің экономикалық болжамдары және мұнай бағасы төмендеуінің ықтимал сценарийі талқыланды.Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Тимоти Кален Қазақстанның 2009 жылғы даму перспективалары бойынша Халықаралық валюта қорының көзқарастары «Қазақстан Үкіметінің сценарийіне жақын» екенін атап өтті.