Экономикадағы инфляциялық қысым сақталып отыр — Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылдың соңынан бері теңге бағамының тұрақтануы инфляцияның төмендеуіне әсер етті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Инфляция өсімі аясында 2025 жыл сенімді басталды — Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасы жайында
Фото: Kazinform

— Биыл ақпанда инфляция 12,2 пайыздан 11,7 пайызға дейін төмендеді. Тұтыну себетінің барлық негізгі құрамдас бөліктері бойынша баяулау байқалады. Дегенмен инфляция әлі де қос таңбалы деңгейде, яғни экономикадағы инфляциялық қысым сақталып отыр. Жалпы, инфляцияның төмендеуіне біршама қатаң ақша-кредит саясаты, коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасына енгізілген мораторий, сондай-ақ өткен жылдың соңынан бері теңге бағамының тұрақтануы әсер етті, — деді ол.

Оның мәліметінше, ең айқын баяулау қызмет көрсету секторында байқалып, сервистік инфляция қаңтардағы 12 пайыздан 10,8 пайызға дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы да аздап баяулап, 11,6 пайызды құрады. Азық-түлік инфляциясы қатарынан екінші ай төмендеп, ақпанда 12,7 пайыз болды.

— Алайда бұл компонент бағаның жалпы өсуіне әлі де көп үлес қосып, халықтың инфляциялық күтулеріне айтарлықтай әсер етіп отыр. Жалпы инфляция көрсеткіші төмендегенімен, оның тұрақты бөлігі баяу өзгереді. Мұны бағаның қазіргі динамикасы да көрсетіп отыр. Ақпанда айлық инфляция 1,1 пайыз болды. Базалық және маусымдық түзетілген инфляция соңғы үш ай бойы 0,8 пайыз деңгейінде сақталып, төмендеу белгілерін көрсеткен жоқ. Халықтың бір жыл алдағы инфляция бойынша күтулері жоғары әрі құбылмалы күйінде қалып отыр. Ақпанда ол 14,2 пайыздан 13,7 пайызға аздап төмендеді. Респонденттердің жартысынан көбі болашақ инфляцияның нақты деңгейін бағалауда әлі де қиналады. Ұзақ мерзімді күтулер 14,6 пайызға дейін төмендеді. Ал кәсіби қатысушылардың 2026 жылға арналған инфляция болжамы 10 пайыз деңгейінде, — деді Тимур Сүлейменов.

Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п. т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум