Экономикаға жеке инвесторлар көбірек қаржы сала бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан 60,4 млрд доллардың тауары экспортқа шығарылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Қазақстан экономикасы. инвестиция, экспорт, логистика
Коллаж: Kazinform/ЖИ

Оның мәліметінше инвестициялар өсудің драйвері болып отыр. Биыл қаңтар-қыркүйекте негізгі капиталға инвестициялар 16,1 трлн теңгені құрап, 7%-ға өсті.

— Ерекшелігі — инвестициялар өсуінің негізгі факторы жеке инвестициялар, олар 18,2%-ға ұлғайды. Инвестициялардың неғұрлым елеулі өсуі келесі салаларда байқалды: өңдеу өнеркәсібінде — 40,1%, құрылыста — 32, ақпарат және байланыста — 29,2, денсаулық сақтауда — 20,4, ауыл шаруашылығында — 9,1%. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың құрылымы өзгерді. Жеке инвестициялардың үлесі 85,7%-ды құрады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 9,4 млрд доллар болды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экспорттың озық өсуі аясында сауда балансының ұлғаюы есебінен төлем балансының ағымдағы шоты 2,4 млрд доллар көлемінде профицитпен қалыптасты, — деді ол.

Вице-премьердің атап өтуінше, сауда балансының профициті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам өсіп, 16,2 млрд долларға жетті. 8 айдың қорытындысы бойынша сауда балансы 17,8 млрд долларға дейін жақсарды.

— Тауарлар экспорты 60,4 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты — 42,6 млрд доллар. Жоғары экономикалық белсенділік аясында аралық тауарлардың импорты 13,8%-ға және инвестициялық тауарлардың импорты 7,9%-ға өскенін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларының импорты 11,2%-ға қысқарды. Сауда балансының оң динамикасы төлем балансының ағымдағы шотының жай-күйін жақсартуға және бюджет тапшылығын азайтуға алғышарттар жасайды, — деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, биыл 9 айдың қорытындысында ел экономикасының өсуі 4,2 пайызды құрады.