Экономикалық әлеуеті төмен және жоғары ауылдық елді мекендерді анықтауға арналған өлшемдер бекітілді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 817 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидасына сәйкес экономикалық әлеуеті төмен және жоғары ауылдық елді мекендерді анықтауға арналған өлшемдер бекітіліп, әрі қарай экономикалық әлеуеті төмен және жоғары ауылдық елді мекендердің тізбесін уақтылы келісу бойынша қажетті шаралар қабылданады. Баспасөз қызметінің келтірген деректеріне қарағанда, экономикалық әлеуеті төмен және жоғары ауылдық елді мекендерді анықтау өлшемдері 21 жиынтық көрсеткіштерді қамтитын 4 топ бойынша қамтылған. Атап айтқанда: экономикалық, сондай-ақ экономикалық өлшемдерді толықтыратын инженерлік-инфрақұрылымдық, әлеуметтік және экологиялық өлшемдер айқындалған. Осыған орай, ауылдық елді мекендер әлеуетін бағалау кезінде экономикалық дамудың басымдылықтарын ескере отырып, көрсеткіштердің әрқайсысы баллмен бағаланады. Баллдардың жиынтық саны сомасында олардың маңыздылығын сипаттайтын көрсеткіш белгіленді. Ең үлкен көрсеткіш экономикалық блокқа келеді - ең үлкен жиынтық балы 60. Ал инженерлік-инфрақұрылымдық блоктың көрсеткіштері 30 баллдан аспаса, әлеуметтік блоктың сипаттамалары 10 баллға дейінгі көрсеткішке ие. Ал ауылдық елді мекеннің даму деңгейіне экологиялық блоктың әсері түзету коэффициенттері арқылы бағаланады, оларға алғашқы үш блок бойынша алынған балдар көбейтіледі. Сөйтіп барлық жiктеу факторлары бойынша көрсеткiштер әрбір ауылдық елді мекен бөлінісінде баллмен айқындалады. Өлшемдердiң үш блогы бойынша жинақталған ауылдық елді мекен баллдарының жиынтық сомасы экологиялық блок бойынша түзету коэффициентiне көбейтіледі және ауылдық елді мекеннің экономикалық әлеуетін сипаттайтын жиынтық баллды айқындайды. Ал баллдардың жиынтық сомасының негізінде ауылдық елді мекендер үш санатқа бөлінеді. Атап айтқанда, бірінші санат: экономикалық даму әлеуетi жоғары ауылдық елді мекендер. Бұларлдың жиынтық балы 70-тен жоғары. Екінші санат -экономикалық даму әлеуетi орташа ауылдық елді мекендер - 70 баллға дейін. Үшіншісі - экономикалық даму әлеуетi төмен ауылдық елді мекендер - 1-34 балл.