Экономикалық өсіммен қатар экологиялық мәселені назардан тыс қалдырмау шарт - Елбасы

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан ІІІ Астана экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Экология мәселесіне тоқталатын болсақ, жақында Мексика шығанағында болған апат - яғни біз экономикалық өсімді қуалап жүргенде экология мен климат мәселесін назардан тыс қалдырсақ, бізді күтіп тұрған қайғылы оқиғалар салдарының ескертуі», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, әлемге жаңа экологиялық қауіпсіздік технологиялары мен осы технологияларды алмасу шаралары қажет, сондай-ақ қайта қалпына келтірілетін энергия көздерін кеңінен пайдалануды ретке келтіру шарт. Осы тұрғыда Елбасы жақында Қазақстан «Еуропа мен Азия арасындағы жасыл көпір» деп аталатын жаңа экологиялық декларацияны құру бастамасын көтергенін еске салып өтті. «Бұл өз кезегінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясындағы үдерісті жылдамдатуға, жасыл экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді Н. Назарбаев.