Экономиканың жекелеген секторында мемлекет ұстанымын сақтау бәсекелестікті бұрмаламауы тиіс

АСТАНА. KAZINFORM — Экономиканың жекелеген стратегиялық секторында мемлекеттің ұстанымын сақтау бәсекелестікті бұрмаламауы тиіс. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Время» газетінде жарияланған мақаласында жазды. 

экономика
Фото: report.az

— Келесі қағидалар экономиканың құрылымдық жаңаруы мен тұрақты өсімінің кілті болуы тиіс: экономикалық ырықтандыру, қолайлы бизнес ахуал, теңгерімді фискалды және монетарлы саясат, заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру, технологиялық өндірістер есебінен экономиканы күрделендіру, адами капиталды дамыту. Бірінші әрі басты қағида жүйені кез келген заманауи нарықтық экономика негіздеріне оралтуға арналған: адал еркін бәсекелестік, — деді Мәулен Әшімбаев.

Оның атап өтуінше, база Президенттің өткен жылғы «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығында көрініс тапқан. Олар: жеке меншікке қол сұғылмаушылық, жеке бизнестің еркіндігі, мемлекеттің нарықтық қатынастарға араласпауы, еркін бәсекелестік, нарықтарға кедергісіз қолжетімділік, бизнестің мемлекетпен қолайлы және ашық өзара қарым-қатынасы.

— Экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін қысқарту жөніндегі шараларды одан әрі кеңейту қисынды жалғасы болуы тиіс. Бұған жаңа мемлекеттік компанияларды құруға және жаппай жекешелендіруді 2028 жылдан кешіктірмей аяқтауға жарияланған мораторий ықпал ететін болады. Экономиканың жекелеген стратегиялық секторында мемлекеттің ұстанымын сақтау бәсекелестікті бұрмаламауы тиіс. Бұл ретте мемлекет барлығына адал және тең ережелерді қамтамасыз ететін, міндеттер мен құралдардың нақты шеңберімен шектелетін жүйелік ойыншы рөлін атқаруы тиіс. Осы тұрғыда жақын арада ауыл шаруашылығы жерлері туралы барлық деректі цифрландыруды аяқтау, одан ары жерді тек ашық онлайн аукциондар арқылы беру өте маңызды қадам болады. Бұл пайдалы қазбалары бар жер қойнауы учаскелерін сатуға да қатысты, — деді Сенат спикері.

Бұған дейін Сенат төрағасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ұлттар лигасы тағдырын қайталау қаупі бар екендігін білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар