Экономиканың өсіміне жылдам әсер ету үшін Үкіметтің арнайы резерві есебінен 91,5 млрд. теңге бөлінеді - Қ.Бишімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономиканың өсіміне жылдам әсер ету үшін Үкіметтің арнайы резерві есебінен 91,5 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
None
None

«Экономиканың өсіміне жылдам әсер ету үшін ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында ішкі сұранысты ынталандыруға ҚР Үкіметінің арнайы резерві есебінен 91,5 млрд. теңге бағытталатын болады», - деді министр.

Оның айтуынша, аталған қаржының 30 млрд. теңгесі - облыстарға ағымдағы нысаналы трансферт түрінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін, инфрақұрылымды ағымдағы жөндеуге және ауылдарды, ауылдық округтерді, кенттерді, аудандық маңызы бар қалаларды абаттандыруға, 23,9 млрд. теңге жергілікті атқарушы органдарға жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін инфрақұрылым тартуға жұмсалады.

«Қаржыландыруды ұлғайту 2017-2018 жылдары қосымша 3,5 млн. шаршы метр жеке тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз етеді», - деп атап өтті ол.

Мұнан бөлек, Үкімет резервінен бөлінген қаржының 1,1 млрд. теңгесі «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде бизнес жобаларына инфрақұрылым тартуға, 20,0 млрд. теңге ауылдық елді мекендерді кең жолақты Интернет желісімен қамтамасыз ету жөніндегі жобаны іске асыруға бағытталады.  12,34 млрд. теңге Астана қаласының әуежайын кеңейтуге және Құрлық портында паром кешенінің құрылысын жылдамдатуға, 4,2 млрд. теңге  «Күрті  Бурылбайтал» автомобиль жолының құрылысын ЕҚҚБ-мен қоса қаржыландыруға жұмсалады.

«Арнайы резерв, Ұлттық қор және БЖЗҚ-ның жоғарыда айтылған қаражатын бюджетті нақтылаусыз пайдалану мүмкін болады», - деп қосты Қ.Бишімбаев.

Соңғы жаңалықтар